Астана – Бурабай бағытында тағы бір қосымша электр пойызы қатынайтын болды

АСТАНА. KAZINFORM — Туристер арасында танымал бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-1 – Бурабай курорты» бағытында №6811/6812 қосымша қала маңы электр пойызын жолға шығарды. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Астана – Бурабай бағытында тағы бір қосымша электр пойызы қатынайтын болды
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

Электр пойызы әр сәрсенбіде қатынайды.

Астанадан сағат 11:00-де шығып, 13:35-те Бурабай станциясына жетеді. Кері бағытта пойыз 14:15-те жолға шығып, 17:00-де Астанаға оралады.

— Пойыз құрамында 4 вагон бар. Жолаушылар үшін 1, 2 және 3-сыныптағы қызмет көрсету түрлері қолжетімді. Вагондар кондиционерлермен, ауа тазарту жүйесімен, биоәжетханалармен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы орындармен, ыңғайлы орындықтармен, велосипед қоятын орындармен және Vputi.kz медиапорталына қолжетімді тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған, — делінген хабарламада.

Қала маңы бағытындағы жолаушылар пойызына билеттерді жөнелтуге 10 күн қалғанда сатып алуға болады. 

Еске салсақ, осыған дейін Бурабай бағытында «Burabay Express» жаңа электрпойызы іске қосылған болатын. №888/887 «Burabay Express» Comfort+ жаңа буын электрпойызы мобильді құрылғыларды зарядтауға арналған USB қосқышымен жабдықталған.

Соңғы жаңалықтар