Астана – Ереван қатынасындағы бетбұрыс: Қазақстан бидайы Кавказға жаңа жолмен жетті
АСТАНА. KAZINFORM – 20–21 қарашада Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Кездесулер барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланбақ. Сапардың маңыздылығын Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге талдап көрді.
Саяси ынтымақтастықтың өрбуі
Қазақстан мен Армения арасындағы дипломатиялық байланыс тәуелсіздік жылдарынан бастау алды. 1992 жылғы 27 тамызда ресми қатынас орнатылып, сол жылдың қазанында Астанада Армения Елшілігі ашылды. Қазақстанның Армениядағы Елшілігі 2007 жылдың наурызынан бастап жұмыс істей бастады. Осы дипломатиялық инфрақұрылым екіжақты диалогтің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, серіктестіктің сенімді негізін қалдырды.
Саяси серіктестіктің құқықтық тірегі – 1993 жылғы «Қатынастардың негіздері туралы шарт» және 1999 жылғы «Достық пен ынтымақтастық туралы шарт». Бұл құжаттар екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың бағыт-бағдарын айқындап, сенімге негізделген қарым-қатынастың құқықтық негізін жасады.

Екіжақты және көпжақты қатынасты одан әрі дамытуға және нығайтуға деген ұмтылыс жоғары деңгейдегі өзара сапарлармен айқындалады. Әсіресе, 2024 жылғы сәуірдегі Қазақстан Президентінің Арменияға мемлекеттік сапары сауда-экономикалық, көлік-логистика, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағытында нақты бастамаларды ілгерілетті. Бұл Қазақстан мен Армения арасындағы стратегиялық серіктестіктің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Бұған дейін, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанның Армения арқылы жүк транзитіне қойылған шектеулерді алып тастауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөлі үшін алғыс білдірген еді. Бұл қадам өңірлік транзиттік және экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы Қазақстанның маңызды үлесін көрсетеді, екі ел арасындағы стратегиялық диалогті одан әрі тереңдетуге мүмкіндік ашады.
Екі елдің парламентаралық өзара іс-қимылы дәстүрлі жоғары деңгейде, сенімді негізде дамып жатыр. Қазақстан-Армения парламенттік достық топтары форматында да, халықаралық парламенттік ұйымдардың алаңдарында да ұстанымдары мен бастамаларын өзара қолдап жүр.
Қазақстан – Армения сауда байланыстарының дамуы
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 35,4 млн АҚШ доллары көлемінде болды. Оның ішінде Қазақстан экспорты 23,6 млн долларға жетіп, негізгі тауарлар қатарында темекі өнімдері, шашқа арналған құралдар, жүгері, шошқа еті, электр аккумуляторлары мен косметикалық өнімдер бар. Импорт 11,9 млн доллар көлемінде жүрді, оның ішінде ювелирлік бұйымдар, спиртті ішімдіктер, азық-түлік және дәрі-дәрмек басымдыққа ие болды.

Салыстырмалы тұрғыда экспорт көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға төмендесе де, кейбір тауарлардың жеткізілім көлемінде айтарлықтай өсу байқалады. Мысалы, шашқа арналған құралдар, жүгері және электр аккумуляторлары экспорты артқан. Импорттағы өзгерістер анағұрлым айқын: кейбір салаларда, мысалы, автокөлік, құрылыс техникасы және гидротурбиналар бойынша жеткізілім толық тоқтағанымен, ювелирлік бұйымдар, спиртті ішімдіктер және дәрі-дәрмек импорты айтарлықтай көбейген.
Нәтижесінде сауда балансы 11,7 млн долларға оң нәтиже көрсетіп, Қазақстан үшін екіжақты саудадан пайда келтірді.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоғары деңгейде дамып жатыр. 2006 жылы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім шеңберінде екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту үшін көптеген бастама іске асты.
2010 жылдан бастап Қазақстанның Армениядағы елшілігінің қолдауымен Ереван мемлекеттік университеті түркология кафедрасының жанынан қазақ тілі, мәдениет және тарих орталығы құрылды. Ал 2016 жылы Арменияның Ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті орталығы ашылды. Сондай-ақ Арменияда түрлі мәдени іс-шара, соның ішінде конференциялар, әдеби-музыкалық кештер және кітаптар таныстырылымы ұйымдастырылды.
Армян тіліндегі «Қазақ әдебиетінің антологиясы» кітабының тұсаукесері, «Абай-175», «Еревандағы Абай оқулары» жинақтарының тұсаукесері өтіп, қыпшақ тіліндегі армянографиялық жазба ескерткіштерінің тақырыбына арналған халықаралық конференциялар болды.
Қазақстанның «Наири» мәдени орталықтары қауымдастығының қызметі, сондай-ақ Қазақстанның 14 қаласында жұмыс істейтін армян мәдени орталықтары Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етіп келеді.
Екі елдің мәдениет және өнер өкілдері түрлі халықаралық және өңірлік іс-шараларға белсенді қатысады. Бұл Қазақстан мен Армения арасындағы мәдени байланысты одан әрі дамытуға ықпал етіп отыр.

Сарапшылар не дейді?
Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Алмат Тоекиннің пікірінше, Қазақстан мен Армения арасындағы екіжақты қатынастар соңғы жылдары тұрақты түрде дамып келеді. Ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың белсенді сипатқа ие екенін атап өтті.
– 20–21 қарашадағы Армения Премьер-министрі Н. Пашинянның ресми сапары тарихи мәнге ие. Себебі, тәуелсіздік алғаннан бері екі елдің жоғары деңгейдегі ресми визиттері сирек жүзеге асты. 2024 жылы Қазақстан Президенті Арменияға ресми сапармен барған болса, биыл Пашинянның сапары екі ел арасындағы диалогті жаңа деңгейге көтереді, – дейді сарапшы.
Сарапшының айтуынша, бұл сапар өңірлік транзиттік және экономикалық жобаларды іске асыруға ықпал етеді. Қазақстан транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отыр: Әзербайжан Арменияға транзиттік шектеулерді алып тастады, ал алғашқы транзиттік жүк ретінде Қазақстанның бидайы жеткізілді. Сонымен бірге, «Ыстамбұл коридоры» жаңа логистикалық бағыт іске асырылса, Армения транзиттік мемлекет ретінде пайда көріп, Қазақстан, Армения және Түркия үшін экономикалық тиімділік туғызады.
– Никол Пашинян прагматикалық және алысқа көз тастайтын саясаткер. Ол көршілерімен бейбіт қатынастар орнатуға ұмтылып отыр. «Перекресток мира» жобасы Армения арқылы негізгі транспорттық коридорларды ашуды көздейді. Қазақстан үшін бұл транзиттік бағыттар аса маңызды, себебі ел Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі маршрут ретінде өз рөлін күшейте алады, – дейді Тоекин.
Экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық та маңызды екенін сарапшы атап өтті. Армениядан Қазақстанға балық өнімдері, ірімшік, шырындар және басқа азық-түлік тауарлары жеткізіліп отыр. Армян ювелирлік бұйымдары да қазақстандық нарықта сұранысқа ие, олардың бағасы әлемдік нарыққа қарағанда екі-үш есе арзан. Сонымен қатар, мәдени-гуманитарлық байланыс та маңызды: Қазақстандағы армян диаспорасы шамамен 40 мың адам және көбінесе Ақтау қаласында шоғырланған.
– Осы сапар Қазақстан мен Армения арасындағы стратегиялық диалогті нығайтып қана қоймай, экономикалық, транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Замир Қаражановтың пікірінше, Армения Қазақстан үшін маңызды әрі әлеуеті жоғары серіктес болып отыр. Ол ел экономикасының тұрақты өсуі екіжақты тауар айналымына тікелей әсер ететінін айтады.
– Мысалы, 2020 жылдан бері екі ел арасындағы сауда көлемі 15 миллион доллардан 84 миллион долларға дейін өсті. 2022 жылы өсім шамамен 100%-ға жеткен болса, 2024 жылы тауар айналымы 23%-ға қысқарды. Ал ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркеліп, 100,3 миллион доллар болды, – дейді саясаттанушы.
Ол бұл жағдайды екі қырынан бағалайды. Біріншіден, екі ел арасындағы сауда әлеуеті айтарлықтай жоғары, сондықтан оны барынша пайдалану қажет. Екіншіден, сауда өсімі кейде тұрақсыз болып, оның тұрақтылығын қамтамасыз ету аса маңызды.
– Армения экономикасының көлемі 25 миллиард доллардан асады. Бұл көршілес Қырғызстанмен салыстырғанда айтарлықтай көп болса да, қазіргі тауар айналымы екі елдің экономикалық әлеуетіне толық сәйкес келмейді. Сондықтан үкімет деңгейінде сауданы арттыру жолдары қарастырылып жатыр, – дейді ол.
Саясаттанушы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атап өтті. Оның пікірінше, сауда негізінен транспорт, автокөлік және теміржол қатынастары арқылы дамиды. Сонымен бірге, гуманитарлық сала – мәдениет, білім беру, көші-қон саясаты және ведомстволар арасындағы деректер алмасу – болашақта маңызды бағыттарға айналуы мүмкін.
– Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынастар жақсара бастаған сайын, Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктері де артады. Мысалы, Әзербайжан Арменияға транзиттік шектеулерді алып тастағаннан кейін Қазақстан үшін жаңа экспорттық нарық ашылды. Алғашқы транзиттік жүк ретінде Арменияға Қазақстанның бидайы жеткізілді, бұл еліміз үшін қосымша экспорттық мүмкіндік болып отыр, – дейді саясаттанушы.

Армения нарығына Қазақстанның ұлттық астық операторы әртүрлі сападағы бидайды ұсынды. Мәселен, 27-28% дән маңызы бар жоғары ақуызды hi-pro бидайы болды. Бірақ сатып алушы 4-сыныпты бидайды таңдап, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жаңа теміржол бағыты арқылы 15 вагон астықты Даларик станциясына жөнелтті. Бұл жол Қазақстаннан Арменияға Ресей, Әзербайжан және Грузия арқылы өтетін транзиттік жаңа логистикалық бағытты сынақтан сәтті өткізді.
Екі ел арасындағы сауда әлеуетін толық іске асыру үшін үкіметтік деңгейде жүйелі іс-қимыл мен тұрақты ынтымақтастық қажет. Транспорттық байланыстар мен гуманитарлық саладағы ынтымақтастық - осы процестің басты тірегі.