Астана – Ерейментау бағытында пойыз бен үш автокөлік соқтығысып қала жаздады
АСТАНА. KAZINFORM — 22 қазан күні сағат 16.27-де Астана – Ерейментау учаскесінің Едіге – Ерейментау аралығында жолаушылар пойызының машинисі 108 км/сағ жылдамдықпен келе жатып реттелетін, қорғалмайтын теміржол өткелінде шұғыл тежеуді қолдануға мәжбүр болды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Пойыз жолына кенет шыққан үш жеңіл автокөлік үлкен апатқа, трагедияға себеп бола жаздады.
— Локомотив бригадасының кәсіби және жедел әрекеті арқасында соқтығысудың алды алынды. Жол ережесінің бұзылуына жол бергендер оқиға орнынан қашып кетті. Пойыз маршрут бойынша 7 минутқа кешігіп жүрісін жалғастырды. Құқық бұзушылық туралы ақпарат құқық қорғау органдарына жолданды. Оқиғаның себебі — жүргізушілердің жол ережесін бұзуы, — деп жазды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚТЖ биыл 44 адамды пойыз басып кеткенін, 27 адам көз жұмғанын мәлімдеген болатын.