Астана қаласының әкімі Елбасы Н.Назарбаевтың атынан Мемлекеттік сыйлықтарды табыс етті
АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысы атынан Тәуелсіздік күніне орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен мәлім етті.
Салтанатты шара барысында Тәуелсіздік кез келген ұлттың басты құндылығы екендігін баса айтқан қала әкімі: «Біз шамамен 153 млрд. теңгенің өнімін өндірдік. Шағын және орта бизнес субъектілері ғана 84 млрд. теңгенің тауарын шығарды. 2012 жылдың қазанында негізгі капиталға салынған инвестиция 440 млрд. теңгеден асып түсті. Өткен жылмен салыстырғанда қалалықтардың орташа жалақысы 14,5 пайызға артып, шамамен 140 мың теңгені құрады. Соңғы 3 жылда әртүрлі үлгідегі 120 балабақша, 10 орта мектеп, 8 аурухана мен емхана салынды. Бұл фактілерді келтіріп отырған себебім, бұл атқарылған істердің барлығында да сіздердің маңдай терлеріңіз бар. Мемлекет оны жоғары бағалайды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сіздерді мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қоя отырып, осы үлесті жоғары бағалады», - деді.
Сонымен ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Ұлттық медициналық орталық» АҚ бас директоры Абай Байгенжин, «Парасат» орденімен «Цесна» корпорациясы АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Серік Жақсыбеков пен «Цесна-Астық» концерні» басқармасының төрағасы Николай Мещеряков марапатталды.
Сондай-ақ «Құрмет» орденімен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті басқармасының төрағасы Ақылбек Күрішбаев, «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мейрамбай Оралов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Астана су арнасы» мекемесінің бас директоры Уәлихан Досаев, «Шапағат» медалімен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Ләззат Аяшева наградталды.
Бұдан бөлек, 7 азамат «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алса, 9 елордалық Қазақсан Республикасының Құрмет грамотасына ие болды.