Астана – Қарағанды – Алматы тас жолында болған жол апатынан үш адам қаза тапты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағанды облысының Ақшатау кенті маңындағы республикалық маңызы бар тас жол учаскесінде үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы жағдайдың мән-жайын тергеушілер анықтап жатыр.
18 наурыз күні Астана – Қарағанды – Алматы автожолының Балқаш қаласы жағынан Қарағанды бағытына қарай, Ақшатау кентінен 40 шақырым жерде үш адамның өліміне алып келген жол-көлік оқиғасы болды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Chevrolet Cobalt автокөлігін басқарған 30 жастағы жүргізуші ұзақ бұрылыста көлікті тізгіндей алмай, салдарынан көлік аударылып кеткен.
Жол апаты салдарынан үш адам — жүргізуші мен оның екі жолаушысы қаза тапты. Олардың барлығы оқиға орнында көз жұмды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Қарағанды облысы Полиция департаментінде жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге, сондай-ақ белгіленген жылдамдықты асырмауға шақырды.
Осыған дейін Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, бес адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.