Астана – Қарағанды – Алматы тасжолына жаңа камералар орнатылды

АСТАНА.KAZINFORM - Елдегі қозғалысы ең қарқынды магистральдардың бірінде жылдамдық режимін бақылау күшейтілді. Қарағанды облысында қозғалыстың екі бағыты бойынша да жылдамдықты тіркейтін жаңа автоматты кешендер іске қосылды.

МВД, ІІМ, камера видеонаблюдения
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды (айналма жол арқылы) – Алматы автожолында жылдамдықты тіркейтін жаңа кешендер жұмыс істей бастады. Камералар Балқаш қаласынан Сарышаған кентіне дейінгі аралықта орнатылған.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құрылғылар Тораңғалық және Гүлшат елді мекендері маңында арнайы аркаларға орналастырылған. Бұл кешендер қозғалыстың екі бағыты бойынша жүріп келе жатқан көліктердің жылдамдығын автоматты түрде тіркейді. Аталған учаскеде белгіленген жылдамдық шегі – сағатына 110 шақырым.

Сонымен қатар қосымша жылдамдық өлшейтін құрылғы Қарағанды қаласының өзінде де орнатылады. 6 наурыздан бастап ол Назарбаев даңғылы, 25 мекенжайында, №3 гимназияның маңында жұмыс істейді. Бұл жерде жылдамдық режимі қатаңырақ – сағатына 40 шақырымнан аспауы тиіс. Мұндай шектеу білім беру мекемесінің орналасуына және мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты енгізілген.

Полиция өкілдерінің айтуынша, жаңа кешендерді орнатудың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Автоматтандырылған жүйелер тәулік бойы жылдамдық режимінің сақталуын бақылауға мүмкіндік беріп, жүргізушілердің тәртібін арттыруға ықпал етеді.

Мұндай шаралардың өзектілігін статистика да көрсетіп отыр. Осы жылдың алғашқы екі айының өзінде Қарағанды облысында белгіленген жылдамдықты асыруға байланысты 34 869 құқық бұзушылық тіркелген.

Полицейлер жүргізушілерді жолдағы өзгерістерді ескеріп, жол белгілеріне мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Бұл тек айыппұлдан құтылуға ғана емес, өңір жолдарындағы қауіпсіздікті арттыруға да мүмкіндік береді.

Алматы облысында орташа жылдамдық камералары орнатылғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум