«Астана» командасының шабандозы Сауд Арабиясындағы көпкүндікте екінші орын алды

АСТАНА. KAZINFORM – XDS Astana Team командасының шабандозы Серхио Игита Сауд Арабиясында өткен «АльУла Тур» көпкүндік жарысының жалпы есеп қорытындысы бойынша екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Серхио Игита
Фото: xds_astana_team / sergioandreshiguita / instagram

Сауд Арабиясында өткен көпкүндік жарыстың ұзындығы 163,9 шақырымды құраған шешуші бесінші кезеңі Харрат-Увайрид биіктігіне көтерілумен аяқталды. Дәл осы сында жалпы есептің қорытындысы белгілі болды. Қашықтық барысында Игита жаппай құлауға тап болғанымен, жарысты жалғастырып, соңғы жағында белсенді күрес жүргізді және қарсыластарынан үзіліп көруге талпынды. Нәтижесінде ол кезеңді алтыншы болып аяқтап, жалпы есепте екінші орын иеленді.

– Өкінішке қарай, кезеңнің ортасында құлау болды, ол айтарлықтай ауыр тиді. Соған қарамастан, орнымыздан тұрып, соңына дейін күрестік. Команда маған орасан қолдау көрсетті. Барлық жігіттер көмектесті, ал Малучеллидің кеше жеңіске жетуі бізге зор мотивация берді. Нәтижесінде жалпы есепте екінші орын алдық, бұл көрсеткішпен мақтана аламыз. Осы жарыста атқарған жұмысы үшін бүкіл командаға алғыс айтамын, – деді Серхио Игита мәреден кейін.

Жарыста қазақстандық шабандоз Николя Винокуров та жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте жетінші орынға тұрақтады. Оның айтуынша, бұл көпкүндік жарыс команда үшін сәтті өтті.

– Өз өнеріме ризамын. Бес күннің ішінде үш рет үздік ондыққа кіріп, жалпы есепте жетінші орын алдым, бұл мен үшін маңызды нәтиже. Эквадорда қысқы дайындық өте жақсы өтті, соның арқасында айтарлықтай алға жылжыдым. Енді басты мақсатым – бір аптадан кейін өтетін Азия чемпионаты. Қазір бабым жақсы, жеңіс үшін күресемін, – деді Николя Винокуров.

Бұған дейін XDS Astana Team командасы халықаралық ең жоғары деңгейдегі жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін WorldTour лицензиясын алған болатын.

Соңғы жаңалықтар