Астана – Мәскеу: Еуразияны тоғыстырған жеті бағыт

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аяқталды. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында экономика, қорғаныс, медицина, цифрландыру және көлік-логистика бағыттарын қамтитын құжаттар қабылданды. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы оған жан-жақты шолу жасады.

Тоқаев ва Путин
Фото: Ақорда

Стратегиялық серіктестік жаңа кезеңде

Владимир Путиннің «Ресей және Қазақстан. Еуразия жүрегіндегі Одақ» мақаласы сапар алдында «Егемен Қазақстан» басылымында жарияланды. Материалда Ресей Федерациясының Президенті Мәскеу мен Астана арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттарын кеңінен сипаттаған. Ол сауда-экономикалық байланыстарды тереңдету, бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, сондай-ақ білім, мәдениет және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударады.

Осы саяси контекст Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарының мәнін одан әрі айқындай түсті. Ресей Президентін Қасым-Жомарт Тоқаевтың әуежайда ресми қарсы алуы екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін көрсетті. Қонақтарды қарсы алу кезінде Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлері мен орыс халық әуендері орындалды.

ҚР және РФ президенттері
Фото: Ақорда

Делегацияда 30-дан астам жоғары лауазымды тұлға, министрлер мен ірі мемлекеттік компания басшылары болды. Бұл сапардың тек саяси емес, экономикалық және стратегиялық бағытта маңызды екенін аңғартты.

Сапар символикасы мен экономикалық интеграцияның күшеюі

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин осыған дейін 38 рет жеке кездескен. Ресей Президенті ең көп барған елдердің қатарында Қазақстанның алдыңғы орыннан көрінуі де ықпалдастықтың жоғары деңгейін аңғартады. Бұл жолғы Астанадағы келіссөздер стратегиялық әріптестіктің жаңа басымдықтарын нақтылай түсті.

Сапар аясында мемлекет басшылары «Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал V Еуразиялық экономикалық форумның ЕАЭО құрылған күнмен тұспа-тұс өтуі кездесудің маңызын күшейтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың және Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемесі
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастық терең әрі көпқырлы. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы әлемдік нарыққа шығарылады. Ал Ресей энергетика, транзит және өңдеу салаларындағы негізгі серіктестердің бірі болып қала береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне арналған брифингте келіссөздердің іскерлік әрі конструктивті жағдайда өткенін атап өтті. Президенттің айтуынша, күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген.

Тоқаев
Фото: Ақорда

– Сан қырлы серіктестігіміз қос халыққа нақты пайда әкелетін ауқымды жобаларға негізделеді. Сауда-экономикалық байланыстардың орнықтылығы, кәсіпкерлердің белсенділігі екі ел экономикасының негізгі салаларындағы өсімді қамтамасыз етіп отыр. Биыл 20-тамызда өтетін Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы да сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы әріптестік әлеуетін арттыруға тың серпін беретініне сенімдіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Владимир Путин келіссөздердің нәтижесімен қатар диалогтағы сенім атмосферасына тоқталды. Ол бұрынғы бейресми кездесулер дәстүрін еске салып, мұндай формат қос тараптың түсіністігін тереңдететінін айтты.

Атом электр станциясынан цифрлық дәліздерге дейін

Өткен жылдың қорытындысы Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық байланыстардың стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 27,4 млрд долларға жетті. Тараптар енді көрсеткішті 30 млрд долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Ресей Президентінің айтуынша, ауқымды инвестициялық жобалар жүйелі іске асып жатыр әрі бұл жұмыстар нақты нәтижеге бағытталған.

а
Фото: Ақорда

– Көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісімдер дайындалды. 70 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады, – деді Владимир Путин.

Сонымен қатар екіжақты күн тәртібі кеңейіп келеді. Өткен жылы қабылданған Кешенді стратегиялық әріптестік туралы декларация оны нақтылай түсті. Қазір негізгі назар технологиялық іс-қимылды күшейтуге, инфрақұрылымды бірлесіп дамытуға және жаңа өндірістік тізбектер қалыптастыруға аударылып отыр. Бұл үрдісті сарапшылар да ерекше атап өтеді.

– Владимир Путиннің Астанаға сапары 2006–2030 жылдарға арналған экономикалық әріптестік бағдарламасы аясындағы саяси күн тәртібінің нақты жалғасы болды. Қос ел басшыларының тұрақты кездесулері Қазақстан мен Ресейді белсенді стратегиялық әріптес ретінде көрсетеді. Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала отырып, технология мен жабдықтардың негізгі бөлігін жеткізеді. Ал Қазақстан Ресей үшін маңызды экономикалық әрі транзиттік серіктес ретінде сақталып отыр, – деді аймақтық интеграцияны зерттеу институтының жетекшісі Таисия Мармонтова.

Қасым Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынтымақтастықтың аса табысты бағыты ретінде қарастыруға толық негіз бар.

жүк
Фото: Ақорда

– Мемлекеттеріміздің арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу – осы істің жарқын мысалы. Ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың келешегі зор. «Байқоңыр» космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Cоюз-5» жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.

Сарапшылардың пікірінше, энергетиканың негізгі ресурстық базаны қамтамасыз етіп отырғаны анық. Соның нақты мысалдарының бірі – Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу бастамасы.

– Бұрын саяси диалог басым болса, қазір нақты экономикалық және технологиялық жобалардың рөлі күшейді. Әсіресе энергетика саласындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Бірінші АЭС жобасы – соның нақты мысалы, – деді Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбек.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанның транзиттік және технологиялық хаб ретіндегі орнын күшейтуге мүмкіндік мол.

– Бұл ең алдымен энергетика, транзит, инфрақұрылым, өндірістік кооперация мен технологиялық бағыттар үшін маңызды. Сондықтан мұндай кездесулердің нақты практикалық маңызы бар, – деді сарапшы.

Берік байланыс пен ортақ мүдде жолындағы әріптестік

Дәстүрлі әріптестіктен саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларды қамтитын кешенді одақтастық моделіне көшу Қазақстан мен Ресей арасындағы шарттық-құқықтық базаның эволюциясынан айқын көрінеді. Қазіргі стратегиялық негіз 2013 жылы қол қойылған XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы Шартқа сүйенеді.

Ал күні кеше Қазақстан мен Ресей достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдемені қабылдады. Құжатта еуразиялық интеграцияға ерекше мән берілген: ТМД, ЕАЭО және ҰҚШҰ диалог, қауіпсіздік және экономикалық даму алаңдары ретінде көрсетілген. Сонымен қатар әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара ынтымақтастықтың кеңістігі ретінде сипатталады. Экономикалық бағытта «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізі мен Ресей–Қазақстан–Қытай бағыты, сондай-ақ қаржылық әріптестік негізгі тірекке айналған. Ал гуманитарлық блокта тіл, білім беру, жастар саясаты мен технологиялық даму біріктірілген.

– Біз Қазақстан-Ресей қатынастарының болашағын елдеріміз тең құқықты серіктестер, стратегиялық одақтастар және тату көршілер ретінде әрекет ететін орнықты әрі өзара тиімді даму кеңістігі ретінде көреміз. Осы ықпалдастық аясында негізгі шешімдер  құрмет, сенім және бір-бірінің мүдделерін ескеру тұрғысынан қабылданады. Ал туындаған кез келген келіспеушіліктер сындарлы және ашық диалог рухында шешіледі. Жеті негізді дәйекті түрде бекемдей отырып, біз сенім мен тұрақтылықты нығайтамыз, – делінген бірлескен мәлімдемеде.

Бұл пікірді ресейлік жазушы әрі журналист Леонид Млечин толықтырды.

Леонид Млечин
Фото: Kazinform

Бірлескен мәлімдемеде тарихқа объективті көзқарас керектігі туралы айтылған тұс маңызды деп есептеймін. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстың терең екенін және бүгінгі қарым-қатынастың өзара сенімге негізделгенін көрсетеді. Ал ортақ шекараның тату көршілік пен ынтымақтастық кеңістігі ретінде бағалануы екі елдің стратегиялық әріптестігін нығайта түседі, – деді Леонид Млечин.

Мәлімдемеде адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылған. Бұл бағыттағы ынтымақтастық нақты жобалар арқылы жалғасып келеді. Соның бірі – дарынды жастарды қолдауға арналған «Сириус» жобасы. Ал мәдени-гуманитарлық байланыстар осы серіктестіктің маңызды бөлігіне айналған. Мәселен, Астанада өткен Ресейдің мәдени күндері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар Астанада «Мәңгілік достық аллеясының», ал Мәскеуде Достық саябағының ашылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы жақын байланыстың айқын көрінісіне айналды. 

Еуразиялық кеңістіктегі цифрлық серпін

Алайда кез келген интеграцияның өзегі – экономика. Қазіргі жағдайда, әсіресе Еуразия кеңістігінде бұл бағыт дәстүрлі сауда аясымен шектелмей, ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыруға қарай бет бұрып отыр. Биыл Қазақстан төрағалық еткен V Еуразиялық экономикалық форум да осы жаңа экономикалық күн тәртібіне арналды.

Форумның басты тақырыбы «Жаһандық цифрлық бәсекелестік жағдайындағы ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» болды. Күн тәртібінде ортақ нарықтан цифрлық экожүйеге көшу, технологиялық дамуды жеделдету және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті экономикалық кеңістік қалыптастыру мәселелері талқыланды. Бұл бағыт Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен тікелей үндес. 

еаэо
Фото: Ақорда

Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дінмұхаммед Ғалидың айтуынша, ЕАЭО аясында жасанды интеллектінің әлеуетін толық пайдалану үшін кедергілерді жою қажет.

Алдағы уақытта цифрлық шешімдер кеден рәсімдерін жеңілдетіп, жүктерді бақылауды күшейтіп, құжат айналымын жеделдетуге тиіс. Қазақстан ЕАЭО-ны жабық кеңістік ретінде емес, Қытай, Орталық Азия, Кавказ, Түркия, Иран және Оңтүстік Азиямен байланыстыратын ашық экономикалық көпір ретінде қарауы керек, – деді спикер.

Сарапшының пікірінше, мұндай интеграция Қазақстан экономикасына нақты мүмкіндік береді. Әсіресе бұл өңдеу өнеркәсібі үшін маңызды.

– ЕАЭО Қазақстан үшін ең алдымен үлкен нарыққа жол ашады. Бұл Ресей ғана емес, Беларусь, Қырғызстан және Армения нарықтарын да қамтиды. Қазақстанның ішкі нарығы шектеулі екенін ескерсек, бұл – отандық бизнес үшін маңызды мүмкіндік, – деді ол.

Сонымен бірге әлеуеттің толық іске асуы үшін ортақ нарықтағы әкімшілік және техникалық кедергілерді азайту маңызды. Яғни интеграция тек келісімдермен емес, нақты әрі тиімді жұмыс істейтін тетіктермен өлшенеді.

Еуразиялық экономикалық кеңес: даму мен жаңғыру бағыты

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Шағын құрамдағы отырысқа Қазақстан Президентімен қатар Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Вице-премьері Мгер Григорян мен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысты. Кейін кеңейтілген құрамдағы отырыста оларға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Аттабак қосылды. 

еаэо
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы ең алдымен жиынның мәніне тоқталды.

– Бірлестігіміздің он жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Атап өтерлік жайт, бұл күндері Астанада Жоғары кеңестің отырысымен қатар, Еуразиялық экономикалық форум өтіп жатыр. Форум қорытындысы сан қырлы іскерлік серіктестігімізге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Талқылауда Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның экономикалық даму көрсеткіштеріне назар аударды. Болжамға сай, 2026-2027 жылдары одақ елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнім өсімі шамамен 2,5 пайызды құрауы тиіс.

Жаһандық нарықтағы тұрақсыздыққа қарамастан, өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 95 миллиард доллардан асты. Биыл өзара сауда-саттық көлемі 6 пайызға ұлғайып, 100 миллиард долларлық межеге жетуі мүмкін.

р
Фото: Ақорда

Дегенмен халықаралық ұйымдардың бағалауы жаһандық экономикада баяулау үрдісінің сақталып отырғанын көрсетеді. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл әлем экономикасы 3 пайызға дейін тұралауы ықтимал. Осыған байланысты бұл өзгерістер ЕАЭО-ның дамуына да әсер ететіні анық. Сондықтан қазіргі кезеңде Бірлестікті жаңа жағдайларға бейімдеу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру аса маңызды.

Қазақстан Президенті осы орайда интеграциялық құрылымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық басымдықты атады.

– Сарапшылардың пайымына сүйенсек, әлемде жасанды интеллектке салынған инвестиция көлемі 1 триллион доллардан асты. Алдағы онжылдықта оның жаһандық экономикадағы үлесі бірнеше есе артып, 7 триллион долларға жетуі мүмкін. Сондықтан озық технологиялар еуразиялық интеграцияның негізгі қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті. ЕАЭО кеңістігінде бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Трансформация өндіріс пен логистикадан бастап, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланы қамтып отыр, – деді Президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктерін атап өтті.

P.S. Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында елге төрт Амур жолбарысының тарту етілуі ерекше назар аудартқанын айту қажет. Бұл қадамның символдық мәні терең. Өйткені Тұран мен Амур жолбарыстарының ДНҚ-сындағы ұқсастық Орталық Азия мен Қиыр Шығысты жалғайтын байланысты аңғартады.

амур жолбарысы
Фото: Ақорда

Екі елді тек географиялық жақындық емес, тарихи, мәдени және экономикалық байланыстар берік тоғыстырып отыр. Ал бүгінде бұл серіктестік жаңа мазмұнмен толығып келеді. Оның негізінде ортақ мүдде, нақты экономикалық бастамалар мен ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттар жатыр.

Сондықтан Астана мен Мәскеу арасындағы қазіргі диалогты екіжақты ынтымақтастықтың кезекті кезеңі деп бағалау жеткіліксіз. Ол Еуразия кеңістігіндегі өзара ықпалдастықтың алдағы бағытын айқындайтын қадамға баланып отыр.