Астана мен Алматыдағы 11 нысанға «бомба қойған» күдікті ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы 11 нысанға және әуежайға бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан күдікті ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Көліктегі полиция департаментінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қостанай облыстық Полиция департаментінің қызметерлері өткізген бірлескен іс-шара барысында Қостанай облысының 36 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол биылғы 31 наурыз күні электронды пошта арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы 11 ірі нысан мен әуежайға жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама таратқан.

«Хабар түсісімен «дабыл» бойынша шұғыл қызметтер көтерілді. Барлық нысан қоршауға алынып, келушілер мен персонал эвакуацияланды. Тыңғылықты іздеу жұмыстарынан кейін жарылғыш заттар табылмады.

Күдікті әрекетін мойындады. Айғақты заттар тәркіленді. Ұсталған күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тергеу жүргізілуде», - деді департаменттен.

Еске салайық, наурыз айының соңында Алматыда бір күнде 7 нысанға бомба қойылғаны туралы ақпарат түсті. Дәл солай Нұр-Сұлтан полициясына бірнеше нысанға жарылғыш зат қойылғаны жөнінде хабарланды.





Соңғы жаңалықтар