Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана мен Амманда дипломатиялық қатынастардың орнауының 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтеді

АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Болат Сәрсенбаев Корольдіктің Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.

Астана мен Амманда дипломатиялық қатынастардың орнауының 20 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтеді

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған кездесулер барысында АӨСШК үдерісінің нығаюы мен дамуына қосқан қыруар үлесі үшін Сыртқы істер министрі Насер Жудаға, Бас хатшы Мұхаммед Али Дахерге, сондай-ақ Азия және Австралия Департаментінің Директоры Хасан Жауарнаға осы бастаманың 20 жылдығына арналған мерекелік медальдер тапсырылды.

Сұхбаттар кезінде 2013 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толатыны атап өтілді.

Елші Болат Сәрсенбаев Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Король Абдалла ІІ арасындағы тығыз және сенімді қатынастардың арқасында екі ел арасында белсенді саяси диалогтың жалғасуын, шарттық-құқықтық база құрылып жетілдірілуін, экономиканың түрлі салаларында байланыстар нығаюын, мәдени және гуманитарлық қатынастардың кеңеюін басып айтты.

Тараптар биылғы жылдың ішінде Астана мен Амманда дипломатиялық қатынастардың орнауының 20-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастыруға уағдаласты.

Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 8 ақпанда Хашимит Королі сарайының Бас Камергері Ханзада Раад бен Зейд бастаған үкіметтік делегацияның Қазақстанға сапары барысында орнатылды.