«Астана» мен «Қайрат» футболдан Қазақстан кубогын ширек финалда аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — 14 мамырда футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалына жолдама алған барлық команда анықталды.

Алғашқы ойынның бірінде «Ордабасы» (Шымкент) мен «Қайрат» (Алматы) кездесті. Ойын тағдырын 34-минутта Жоао Паулино соққан жалғыз гол шешті.
Осылайша шымкенттік клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Ал «Қызылжар» (Петропавл) мен «Елімай» (Семей) кездесуінің негізгі және қосымша кезеңінде есеп ашылған жоқ. Пенальти сериясында петропавлдық клуб жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ «Жеңіс» (Астана) пен «Астана» кездесуінің негізгі кезеңінде 1:1 есебімен тең түсті. «Астана» сапынан Александр Марочкин 57-минутта есеп ашса, «Жеңіс» қатарынан Мика 96-минутта таразы басын теңестірді. Пенальти сериясында «Жеңіс» жартылай финалға жолдама алды.
Қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда түркістандық «Тұранды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Олардың қатарынан Давид Энен 60, Иван Миладинович 78-минутта екі гол соғып кетті.
Енді жартылай финалда «Қызылжар» мен «Ордабасы», «Тобыл» мен «Жеңіс» ойнайды.
Биыл Қазақстан кубогына Премьер-лига, бірінші және екінші лигадан барлығы 30 команда қатысты. Алдымен бірінші және екінші лига командалары алғашқы іріктеу кезеңін өткізді.
Олардың арасынан іркілмей шыққан екі клуб 1/8 финалда Премьер-лига командалары қатарына қосылды.
Жеңімпаз 2026 жылы Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.