Астана мен Мәскеу арасындағы серіктестік жан-жақты сипатқа ие — ресейлік сарапшы
АСТАНА.KAZINFORM — Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық ықпалдастықтың жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай пікірді Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты жетекшісі Александра Перминова айтты.
Оның айтуынша, мемлекет басшыларының келіссөздері Астана мен Мәскеудің саяси диалогты нығайтуға, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен гуманитарлық жобаларды дамытуға өзара мүдделі екенін айқын көрсетті.
Александра Перминованың пікірінше, Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарын Еуразия кеңістігіндегі халықаралық жүйенің бөлшектенуі жағдайында жүріп жатқан ауқымды саяси өзгерістер аясында қарастыру қажет.
— Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Ресей үшін Орталық Азиядағы ең ірі көрші мемлекет қана емес, сонымен қатар экономика, көлік, гуманитарлық байланыс және институционалдық ықпалдастық салаларындағы Ресей үшін аса маңызды үдерістер өтетін ел, — деді сарапшы.
Ол сондай-ақ екі ел басшыларының бір-бірінің саяси бағыты мен тұрақты дамуын қолдауға қатысты мәлімдемелеріне ерекше назар аударды.
— Көшбасшылардың баспасөз мәслихатында да, тар және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында да бір-біріне ерекше ілтипатпен қарағаны анық байқалды, — дейді Перминова.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан мен Ресейдің бір-бірі үшін маңыздылығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президентімен кездесу кезіндегі мәлімдемелерінен және Владимир Путиннің «Казахстанская правда» газетінде жарияланған мақаласынан да көрініс тапқан.
Оның айтуынша, мақалада экономикалық ынтымақтастық мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл атом энергетикасы, өнеркәсіп, көлік, логистика, агроөнеркәсіп кешені және цифрландыру салаларындағы байланыстың белсенді дамып жатқанынан байқалады.
— Серіктестіктің жан-жақты сипаты қол қойылған келісімдер топтамасынан анық көрінеді. Соның ішінде болашаққа бағытталған өте қызықты жобалардың бірі — кадр даярлау саласындағы уағдаластықтар, — деді сарапшы.
Бұл көптен бері талқыланып жүрген «Қазақстан — Сириус» білім беру орталығын ашу жобасына қатысты.
— Бұл жоба сапалы адами және әлеуметтік капитал қалыптастыруға бағытталған. Бұл бүгінгі таңда технологиялық салаларын, энергетикасын және цифрлық секторын жаңғырту үшін мықты кадрлық база қалыптастырып жатқан Қазақстан үшін стратегиялық тұрғыдан аса маңызды, — деп атап өтті ол.
Сарапшы қабылданған шешімдер мен бірлескен бастамалар Қазақстан мен Ресейдің негізгі ұлттық басымдықтарына толық сәйкес келеді деп есептейді. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда көршілес мемлекеттердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы өзара тығыз байланысты, ал екі ел де ынтымақтастықты нығайтып, экономикалық дамуды бірлесе ілгерілетуге мүдделі.
Бұған дейін сарапшылар Владимир Путиннің Қазақстанға сапарын прагматикалық диалог деп бағалаған болатын.