Астана мен Милан ЭКСПО көрмелерін дайындау және өткізу бойынша тәжірибе алмасуға келісті

Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков пен Милан мэрі Джулиано Пизапианың кездесуі нәтижесінде осындай келісім жасалды.
- Қазақстан астанасы үшін сіздердің көрмелеріңіз ерекше қызығушылық туғызуда. Астанада Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтетінін ескере отырып, бізге сіздердің осындай үлкен шараны өткізудегі тәжірибелеріңізді игеру өте маңызды, - деді Ә.Жақсыбеков, мамырдың 29 күні Миланда өткен кездесуде.
Ол ЭКСПО-2015 көрмесін ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде екенін және көрме қатысушылары мен қонақтар тарапынан қазақстандық кешенге үлкен қызығушылық барын атап өтті.
Ә. Жақсыбеков пен Дж. Пизапиа, сондай-ақ Астана мен Милан арасындағы екіжақты серіктестік мәселелерін де талқылады.
Әкім екі қаланың экономикалық әл-ауқаттарының айтарлықтай әсерін, әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астананы Еуразияның іскер, мәдени және ғылыми орталығы ретінде қалыптастыру бойынша алға қойған басымдықтарын назарға алғандағы әсерін тілге тиек етті.
- Президент бүкіл әлемдік «ЭКСПО-2017» көрмесі негізінде «Астана» халықаралық қаржылық орталығын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық ағылшын құқығы принциптері негізіне сүйеніп, онда жеңілдетілген салық режимі мен тәуелсіз қаржылық соты болады деп жоспарлануда. Ол Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының өзегі болмақ, ал болашақта барлық Орталық Азия аймағы үшін қаржылық хабқа айналмақ. Бұл да біздің қалаларымыздың серіктестігі үшін маңызды жайт, - деді қала әкімі.
Одан бөлек, әкім туризм, білім, спорт, мәдениет салалары бойынша екіжақты серіктестіктің перспективаларына тоқталды.
Атап айтқанда, тараптар мұражай көрмелері мен экспозицияларын алмастыру бойынша байланыс орнатуға қызығушылық танытты.
Ә.Жақсыбеков Дж.Пизапианы Астанаға келуге, Қазақстанның елордасымен, оның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатымен танысуға шақырды.