Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астана өңірлік волонтерлік хабқа айналуды көздейді

АСТАНА. KAZINFORM – Осы бағытта елордада волонтерлік инфрақұрылым кеңейтіліп, халықаралық әріптестік нығайтылып жатыр. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ басшысы Шыңғыс Төлеулин айтты.

а
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында Ұлттық волонтерлер фронт-офисіне, Халықаралық волонтерлік орталыққа және сегіз волонтерлік ұйымға арнайы ғимараттар берілген.

– Қазір Халықаралық волонтерлік орталық Орталық Азия елдерімен, Әзербайжан және Түркиямен ынтымақтастық орнатып отыр. Алдағы уақытта оны өңірлік волонтерлік хабқа айналдыруды жоспарлап отырмыз, - деді спикер.

Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, бүгінде Астанада 50-ге жуық волонтерлік ұйым мен қозғалыс жұмыс істейді. Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға қолдау көрсететін «Астана клуб добряков» және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге атсалысатын «LIDER.KZ Астана волонтерлары» ұйымдары бар.

– Қазір еріктілерді маңызды мемлекеттік және халықаралық іс-шараларда, әлеуметтік мекемелерде, қайырымдылық акциялары мен қоғамдық бастамалар кезінде жиі көруге болады. Еріктілік бүгінде тек студент жастардың ісі емес. Бұл іске мектеп оқушылары, кәсіпорын қызметкерлері және түрлі сала мамандары белсенді қатысып келеді, – деді ол.

Айта кетейік, елімізде волонтерлікті қолдаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.

Құжат еріктілік қозғалысын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап, салалық волонтерлікті күшейтуді көздейді