Астана орталығында жылына неше марафон өткізуге рұқсат беріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Астанадағы спорттық марафондарды өткізу орындары мен мерзімдері туралы тілшілер сұрағына жауап берді.

Juregimnin Jenimpazy: Астанада өткен қайырымдылық жүгіру марафонына 5 мыңға жуық адам қатысты
Фото: Астана әкімдігі

— Түркістан, Д. Қонаев, Ақмешіт секілді көшелерге жақын орналасқан үйлердің тұрғындары үнемі қарсылығын білдіреді. Осыған байланысты бізге көптеген шағым түсіп жатыр. Сондықтан біз марафондарды өткізуге қарсы емеспіз, бірақ марафон ұйымдастырушыларымен бірлесіп өзге маршруттарды ұсынуға тырысамыз, — деп жауап берді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Елорда әкімі спорттық іс-шаралар өткізетін орындар жеткілікті екенін айтады.

— Бізде орман белдеуінде керемет веложол бар, айналма жол бойындағы бағыттар да бар және тағы басқа мүмкіндіктер жеткілікті. Қала орталығында ірі марафондарды өткізуге қарсы емеспіз және оларды өткіземіз, алайда мұндай шаралар әр апта сайын өтпеуі тиіс, — дейді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, қала орталығында жылына төрт ірі марафонды өткізуге болады. Ал қалған барлық іс-шараларды Триатлон паркінде, жағалауда — автокөлік қозғалысы жоқ жерлерде өткізуге болады.

Айта кетейік, Астанада 170 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 1,1 млн-нан астам ағаш егілді.

Соңғы жаңалықтар