Астана процесі сирияаралық келіссөздер кезеңінің табысты болуына үміттендіреді - БҰҰ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы аптаның басында сирияаралық келіссөздердің кезекті кезеңі басталады. Көптеген адамдар келіссөздердің бір-бірінен айырмашылығы жоқ екенін алға тартып, нәтиже беретініне күмәнмен қараса, БҰҰ олай деп есептемейді.
БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мистура алдағы кездесудің қысқа әрі іскерлік негізде өтетініне сендірді.
Де Мистура Астанада жақында өткен келіссөздердің нәтижесінен үмітті. Бұл кездесулер «деэскалациялық аймақтарды» құру туралы келіссөздерге қол қоюмен аяқталған еді. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар, БАҚ және радио бөлімі хабарлады.
«Мен адамдардың арасында қалыптасып қалған күмәншілдік пен сенімсіздікті жоққа шығара алмаймын. Әрине, олардың өзіндік себебі бар. Әсіресе, қарулы қақтығысты тоқтату режімі бұзылғаннан кейін осындай пікірде болуы да орынды. Бірақ, процесс жүріп жатыр, бұл жолы барлығы басқаша болды. Біріншіден - мен Астанада үш кепілгердің қағаздарға қол қойғандығын өз көзіммен көрдім. Бұл, әрине ауызша уәде еткеннен әлдеқайда маңыздырақ», - дп атап өтті Стаффан де Мистура.
Мамыр айының басында өткен Астанадағы келіссөздерде Ресей, Иран және Түркия елдері Сирияда «деэскалациялық аймақтарды» құру туралы келісімге қол қойды.
«Келіссөздің кепілгерлері ретінде барлық жауапкершілікті өз мойнына алған үш ел - өздері қаласа, саяси күш-жігерлерін пайдаланса - келісімдердің орындалуын қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Әрине, кедергілер болады, олар қазірдің өзінде бар. Бірақ, болашаққа деген үміт жоқ емес», - деп жалғастырды ол.
Стаффан де Мистура атап өткендей, қауіпсіздік аймағы бұл - мәселені шешудің тек қысқа мерзімді жолы ғана, ал халықаралық қоғамдастықтың ұзақ мерзімді жоспары әзірге жоқ.
Журналистердің бірі арнайы елшіге «деэскалациялық аймақтар қарсы күресуші тараптардың күштері топтастырылып, жаңа әскери операцияларға - мысалы, Идлибтің шабуылына дайындалуға мүмкіндік тудырмай ма» деген сұрақ қойды.
Стаффан де Мистура арандатушылық сауалға жауап ретінде барлығын өмірге сеніммен қарауға шақырып, деэскалациялық аймақтарды құру әзірге бұл мәселені шешудің ең тиімді нұсқасы екендігін мәлімдеді.