«Астана» велошабандозы Кристиан Скарони Польша турында екінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM — XDS Astana Team командасының велошабандозы Кристиан Скарони «Польша туры» көпкүндік жарысының төртінші кезеңінде екінші орын алды.
Ұзындығы 161,9 шақырым болатын кезең Жаuани қаласынан басталып, Карпачте мәреге жетті.
Жеңімпаз жарыстың соңғы бөлігінде анықталды. Мәреге жақындағанда үш шабандоз алға шықты. Соңғы шақырымда олардың бірі шабуыл жасап, Кристиан Скарони ғана оған жауап бере алды.
Қазақстандық команданың велошабандозы арадағы алшақтықты жылдам қысқартқанымен, жеңіске жетуге сәл ғана уақыт жетпеді. Нәтижесінде Скарони мәреге екінші болып келді.
Кезең жеңімпазы Барт Леммен атанды. Үшінші орынды француз велошабандозы Аксель Лоренс (Netcompany INEOS) иеленді.
— Өкінішті, жеңіске бір табан жақын қалып едік. Соңғы өрге көтерілгенде қарқынымды сақтап, күшімді мәреге дейін жеткізуге тырыстым. Көшбасшының арасы қысқара бастағанын көргенде жылдамдықты арттырып, бар күшімді салдым. Алайда жеңіске жетуге сәл ғана күш жетпей қалды.
Алдыңғы өрден кейін Бреннер екеуіміз сәл кідіріп қалдық. Осы сәтті пайдаланған көшбасшы арақашықтықты ұлғайтып үлгерді. Ал төмен түскен тұс тайғақ болғандықтан, тәуекелге бармауды жөн көрдім. Соның салдарынан көшбасшыны қуып жетуге мүмкіндік болмады.
Бүгін команда өте жақсы жұмыс істеді. Жарыстың шешуші сәтіне дейін мені мінсіз жеткізді. Қазір өзімді жақсы формада сезініп жүрмін. Жеке жарыс алдындағы жалпы есепте басты қарсыластарымнан бірнеше секунд ұтып алғаным да маңызды. Алда әлі жеңіс үшін таласатын кезеңдер бар, — деді Кристиан Скарони.
Еске салайық, бұған дейін XDS Astana Team командасының италиялық шабандозы Алессандро Ромеле «Польша турында» жүлдегер атанғанын жазғанбыз. Ол көпкүндік веложарыстың үшінші кезеңінде мәреге үшінші болып жетті.