Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Астана» велошабандозы «Польша турында» жүлдегер атанды

АСТАНА. KAZINFORM — XDS Astana Team командасының италиялық шабандозы Алессандро Ромеле «Польша турында» жүлдегер атанды. Ол көпкүндік веложарыстың үшінші кезеңінде мәреге үшінші болып жетті

«Астана» велошабандозы «Польша турында» жүлдегер атанды
Фото: SprintCycling

Ұзындығы 193,5 шақырым болған кезең Гожув-Велькопольский мен Зелена-Гура қалалары арасында өтті. Жарыстың шешуші сәтінде жеңімпаз жаппай спринт арқылы анықталды.

Алессандро Ромеле мәреге дейінгі тартыста жеңіске таласып, нәтижесінде үздік үштіктен көрінді. Мәреге бірінші болып Lidl-Trek командасының италиялық шабандозы Джонатан Милан келсе, екінші орынды EF Education-EasyPost сапындағы ұлыбританиялық Ноа Хоббс иеленді.

Жарыстан кейін Ромеле бастапқыда команда Маттео Малучеллиге басымдық беруді жоспарлағанын, алайда кезеңнің шешуші сәтіне дейін тактика өзгергенін айтты.

— Бүгінгі кезең де Маттео Малучеллиге қолайлы болды. Сондықтан бастапқыда оған жұмыс істеуді жоспарлаған едік. Алайда мәреге жақындағанда екеуіміз сөйлесіп, спринтке мен қатысатын болып бірге шешім қабылдадық. Себебі Маттео өзін жайсыз сезінді. Мен Джонатан Миланның дөңгелегіне ілесіп, бар күшімді салуға тырыстым.

Бұл нәтижеге де, биік таудағы оқу-жаттығу жиынынан кейін қол жеткізген физикалық дайындығыма да өте қуаныштымын. Ертеңнен бастап күрделірек кезеңдер басталады. Біз команда үшін жұмысты жалғастыруға дайынбыз. Бүкіл командаға және Маурициоға атқарған жұмысы үшін алғыс айтқым келеді, — деді Алессандро Ромеле.

Еске салайық, бұған дейін XDS Astana Development Team командасының велошабандозы Лудовико Меллано Францияда өтіп жатқан «Крейз Брейз Элит» көпкүндік веложарысының үшінші кезеңінде мәреге екінші болып келгенін хабарлаған едік.