Астанада жылдамдығы 10 Гбит/с кабельдік интернет сынақтан өткізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада секундына 10 Гигабит жылдамдықпен жұмыс істейтін кабельдік интернет жобасы таныстырылды. Жоба сынақтан сәтті өтсе, алдағы уақытта елімізде қолданысқа енгізіле бастайды.

Астанада 10 Гбит/с жылдамдықпен жұмыс істейтін кабельдік интернет сынақтан өткізіліп жатыр
Фото: Ербол Жанат/Kazinform

— Бүгінгі таңда қала дамуын цифрлық қызметтерсіз елестету мүмкін емес. Жасанды интеллект көлік, денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік және халыққа қызмет көрсету саласында белсенді түрде қолданылады. Бірақ осы жүйелердің сенімді әрі жылдам жұмыс істеуі үшін қуатты және заманауи цифрлық инфрақұрылым қажет. Оны 10 GPON технологиясы қамтамасыз етеді. 10 GPON интернеттің жаңа жылдамдығы ғана емес, ол — цифрлық қызметтердің сапалы деңгейге көшуіне мүмкіндік беретін негіз, — деді Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов.

Оның айтуынша, осы технологияның арқасында заманауи телемедицина да қарқынды дамымақ.

Белгілі болғандай, бұл технологияны қолданысқа енгізу барысында айтарлықтай қосымша шығын шықпайды. 

— Технология әлемдегі бірқатар елдерде бұған дейін қолданысқа енгізілген, алғаш ойлап табылған дүние емес. Бірақ Қазақстанға алғаш келіп жатыр. Бұның бір тиімді тұсы — қазір қолданыстағы желілерді түбегейлі жаңартпай-ақ енгізе беруге болатынында. Нақты айтқанда, интернет таратушы құрылғыларды ғана ауыстырған жағдайда, қазіргі қолданыста талшықты-оптикалық желілер 10G жылдамдықтағы интернетті тасымалдауға жарайды, — деді Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының Желілік шешімдер бойынша техникалық директоры Андрей Сим.

Пилоттық жобаға қала тұрғындары 19 қыркүйекке дейін қатыса алады. 10G интернетті сынау Достық көшесі, 8/1 мекенжайындағы Forte коворкингінде дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00–ден 18:00–ге дейін жүзеге асырылады. Онда әр адам келіп Speedtest жасап немесе «салмағы ауыр» ойындар мен бағдарламаларды жүктеп, интернеттің қаншалықты жылдам жұмыс істейтінін өз көзімен көре алады. 

Айта кетейік, 10G PON — бұл секундына 10 гигабит жылдамдықпен мәлімет жүктей алатын кабельдік интернет. 4G және 5G ұялы байланыс стандарттарынан айырмашылығы — «10» саны технологияның буынын емес, деректерді тасымалдау жылдамдығын білдіреді. 

Соңғы жаңалықтар