Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада 12 мың доза есірткінің таралуына тосқауыл қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — «Қарасора — 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Астана қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады.

есірткі
Фото: Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті Telegram мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқан интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарған.

Тінту барысында, сондай-ақ бұрын жабдықталған жасырын орындарды тексеру кезінде орау материалдары, zip-lock пакеттері және төрт келіден астам синтетикалық есірткілер — α-PVP мен мефедрон тәркіленді. Бұл Астана аумағында таралуына жол берілмеген 12 мыңнан астам бір реттік доза.

— Заңсыз айналымнан алынған әрбір есірткі партиясы — алдын алынған қылмыстар, аман сақталған адамдардың өмірі. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ішкі істер министрлігі есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда пәтерден толық жабдықталған есірткі зертханасы табылғанын хабарлаған едік.