Астанада 1500-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде интернет-алаяқтықтың алдын алу жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласының Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сәкен Алауханов айтты.
— Астанада интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жалғасып жатыр. Жыл басынан бері елордада интернет-алаяқтықтың 1530 дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ, — деді спикер.
Басқарма бастығы орынбасарының сөзінше, азаматтардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдалануға байланысты дропперліктің 51 фактісі анықталған.
— Жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілері бойынша 66 адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында аса ірі көлемде шығын келтірген қылмыстарға қатысы бар үш шетел азаматы бар. Сонымен қатар SIM-карталарды заңсыз тіркеу және WhatsApp аккаунттарын үшінші тұлғаларға беру бойынша бес адам қолға түсті, — деді Сәкен Алауханов.
Құқық қорғау органдары заңсыз айналымнан 420 SIM-карта, 12 ұялы телефон және бір компьютер тәркілеген.
Еске салайық, Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған қысқаметражды фильм түсірілді.