Астанада 173 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада биыл 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру және 1,1 миллионнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында мәлім етті.
– Мемлекет басшысына биылғы абаттандыру жоспары таныстырылды. Елордада жүзден астам қоғамдық және аула аумағын жаңарту, сондай-ақ ауқымды көгалдандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл шаралар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған, – деп жазды қала әкімі.
Негізгі жобалардың бірі – «Самал» саябағын абаттандыру. Жоба аясында спорт алаңдары, су айдыны, серуендеу аймақтары, жаяу жүргіншілер көпірі, балалар ойын алаңдары және белсенді демалысқа арналған нысандар салынады. Саябақ көпфункционалды демалыс орнына айналмақ.
Сондай-ақ «Мыңжылдық» аллеясында үш жоба іске асырылады. Олардың қатарында Қуанышбаев театры маңындағы сквер, вокзал аумағындағы саябақ және «Нұрлы жол» вокзалы маңы бар. Бұл аймақтарда жаңа жаяу жүргіншілер бағыттары мен көгалдандырылған кеңістіктер пайда болады.
Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының екінші кезеңі Төле би көшесінен Әнет баба көшесіне дейін, сондай-ақ Күлтегін көшесінен Айтматов көшесіне дейін жалғасады. Мұнда да кешенді көгалдандыру, су нысандары мен ойын-спорт алаңдары қарастырылған.
Бұдан бөлек, Кенесары көшесінің 1,25 шақырымдық учаскесі жаңартылып, Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион алдында жаңа аллея салынады. Ал Бауыржан Момышұлы даңғылы бойында ұзындығы 1,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілерге арналған променад пайда болады.
Абаттандыру жұмыстары қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Астанада Smart City платформасы толық режимде жұмыс істей бастады.