Астанада 200-ге жуық кондитерлік цехтың 14-інде ғана рұқсат құжаты бар
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тексерулерден жалтаратын кремі бар өнімдер жасайтын кондитерлік цехтар туралы айтып, өнім сатып алуда абай болуға шақырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департаменттің ақпаратына сәйкес, Астана қаласында кремді-кондитерлік өнімдерді өндіруге 14 кәсіпорында ғана санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат бар. Олар: «Удача» ЖШС, «Самэн» ЖШС («Сладкая сказка») «Апрель 2030», «RAM NAN» ЖШС, «Астаналық» супермаркетіндегі «Пиндус» ЖК, «Сағым» ЖШС (Мастер Хаус), «La Creme» ЖК, «Татым» ЖШС (Три толстяка), «Мир тортини» ЖШС (Арлан), «А2», «Смолл», «Magnum Cash and Carry», «Gal mart», «Interfood» супермаркеттеріндегі кондитерлік цехтар.
«Осы тізімде жоқ кремді-кондитерлік өнімдер өндіретін барлық нысандар санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеуде. Яғни, осы тізімде жоқ нысандардан торт сатып алу арқылы сіз өз денсаулығыңызбен тәуекелге тігесіз. «Тәп-тәтті», «Пампушка» ЖШС секілді қалған субъекттер қулыққа барады. Олар қорытынды алу үшін өз өтінішінде кремді-кондитерлік өнімдермен торттарды өндірмейтін кондитерлі цех немесе тамақ пісіретін нысан деп көрсетеді. Болмаса, нысан көп жағдайда кофейня немесе кулинарлық цех ретінде жұмыс бастайтынын алға тартады. Сондай-ақ, санитарлық ережелерге сай болмағандықтан, «Happycake», «Сабыржанова А.Ж.» ЖК және бірнеше рет «Тәп-тәтті» ЖШС-ға рұқсат беру құжатын (қорытынды) беруден бас тартылды», - дейді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабылов.
Сонымен бірге, атап өтілгендей, елордада әлеуметтік желілер арқылы күмәнді шарттармен кондитерлік өнімдер ұсынып отырған 138-ден астам жеке хабарландыру бар. Бұдан бөлек, торт өндіру бойынша 20 сайт жұмыс істейді, олардың барлығының рұқсат құжаттары жоқ - Пампушка, Onemorecake, Pirogesh, Tattinan, Айнанан, TortNaZakaz.kz, BakedWithLove, Dolcepatisserie, Дом торта, «Tika cake», «Шахманов» ЖК, «Қонжық» ЖК, Ержанов ЖК, «Андерсон», Рахимов ЖК, «Гурмэ Академия», «Chessy», «Чудопечка», «Вon dessert», «La tartine», «Family bakery», «Конфаэл», «Madinas Bakery», «Азбука Гурмэ», «Glazur», «Cup cake», «Zhanzeto», «Шедевр Астана», «Desert tel», «Томпақ», «Пешнан» цехтары, Eclair, «La Crème Coffee», «Мамина кухня» кондитерлік наубайханалары.
«Елорда тұрғындары бұл туралы білуі тиіс. Өйткені, адамның денсаулығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамайтын субъектілердің кондитерлік өнімдерінен әлбетте қымбат. Айта кетерлігі, тіпті қорытынды құжаттары бар субъектілердің өзінде тексерулер кезінде бұзушылықтар анықталып жатады. Мәселен, 2018 жылы кремді-кондитерлік өнім шығару бойынша «Сағым», «La Creme» ЖК, «Татым», «Удача», «Самэн», «Апрель 2030», Рахимов ЖК, «Гурмэ Академия» ЖШС мен «А2», «Смолл», «Magnum Cash and Carry», ИП Пиндус, «RAM NAN» супермаркеттеріндегі цехтар тексерілген. Тұтастай алғанда, осы нысандарда мынадай бұзушылықтар анықталды: жұмысқа медициналық тексеруден өтпеген адамдар жіберілген, дайын өнім шикі азықтармен бірге сақталған, сапасы және қауіпсіздігі туралы құжаты жоқ шиік азықтар пайдаланылған, өндіріс бақылауы сақталмай, ішкі цехта таңбалану жүргізілмеген», - делінген хабарламада.
Кондитерлік өнімдердің іріктеліп алынған 172 сынамасының 13-і (7 пайызы) гигиеналық нормативтерге сай болмай, олардан ішек таяқшасы анықталған. Абырой болғанда аталмыш субъекттер олқылықты уақтылы реттеген.
«Ал сауда желілерінде кондитерлік өнімдердің 137 сынамасы сатып алынып, олардың 81-і талаптарға сай келмейтіні белгілі болды. Микробиология бойынша «Арлан GTS» ЖШС, «Сулеев М.А.» ЖК, «Glamur Product» ЖК, «IBRO» ЖК, «PROVENCE», «Дони» ЖК-да талапқа сай келейтіні анықталған. «Харьковская бисквитная фабрика» (Украина) өнімінде ішек таяқшасы, ал «Апрель 2030» ЖШС өнімінде патогенді стафилококк шыққан. Санитарлық ережелер бұзылғаны үшін 4,3 млн теңге айыппұл салынды», - деп хабарлайды департаменттен.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, осы хабарламаны таратудың мақсаты - кәсіпкерлік саласындағы белгілі бір өндірушілерге жарнама немесе антижарнама жасау емес.
«Ең алдымен, тамақтан улану жағдайларының алдын алып, елорда тұрғындарын профилактикалық шаралар бойынша ақпараттандырғымыз келеді. Бәрінен бұрын санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар кремді-кондитерлік өндірушілерден өнімді сатып алуға кеңес береміз. «Күмәнді» өндірушілердің өнімдерін сатып алғанша өз денсаулығыңызды қауіпке тігіп отырған жоқпын ба деп ойланыңыз», - дейді Сәдуақас Байғабылов.