Астанада 2026–2028 жылдарға арналған экологиялық жоспар таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жоспары ұсынылды. Құжатқа жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын 27 іс-шара мен жоба енгізілген.
Бұл туралы Астана қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Доскұлов айтты.
— Жоспар бес негізгі бөлімнен тұрады. Онда атмосфералық ауаны жақсарту, су нысандары мен жағалау экожүйелерін қорғау, «Жасыл белдеуді» дамыту және қалдықтарды басқару сияқты негізгі бағыттарды қамтиды. Сондай-ақ құжат аясында экопарк салу, өзен арналары мен су айдындарын қалпына келтіру, жаңа полигон салу және заңсыз қоқыс орындарын жою шаралары қарастырылған, — деді ол қалалық Қоғамдық кеңестің отырысында.
Атап айтқанда:
Бірінші бөлім атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған. Онда газдандыру, ауа сапасын бақылауға арналған экологиялық бекеттер орнату және жылу электр орталықтарындағы экологиялық жобалар қарастырылған;
Екінші бөлім су нысандарын қорғауды қамтиды. Оның аясында Есіл өзенінде, соның ішінде Ақбұлақ пен Сарыбұлақта, Нұра–Есіл каналында табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру, сондай-ақ Кіші Талдыкөл көлінің № 5 және № 7 учаскелерінде биологиялық тазарту жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
Үшінші бөлім жағалау және су экожүйелерін қорғауға арналған. Бұл бағытта Талдыкөл көлінің № 5 учаскесі маңында экопарк салу, сондай-ақ Ақбұлақ және Сарыбұлақ арналарын қайта жаңарту көзделіп отыр. Қазіргі уақытта Ақбұлақ бойынша жоба іске асырылып жатыр, ал Сарыбұлақ арнасын реконструкциялау жұмыстары келесі жылы басталады.
Төртінші бөлім «Жасыл белдеу» аумағындағы ағаштарды тексеру, оларды қорғау және қалпына келтіру, ғылыми зерттеулер жүргізу, қырғауыл фермасын ұстау, орманда өртті ерте анықтау жүйесін енгізу және жасыл аймақтарды жаңарту жұмыстарын қамтиды.
Ал «Қалдықтарды басқару» деп аталатын бесінші бөлімде бюджеттік ұйымдар мен тұрғындардан шыққан қалдықтарды залалсыздандыру, қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигонның үшінші бөлігін салу және заңсыз қоқыс орындарын жою шаралары қарастырылып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Астанада қалдықтарды бақылаудың цифрлық жүйесі алғаш рет енгізілгені жөнінде жазғанбыз.