Астанада 32 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада үлестік құрылысқа қатысушылардың құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 32 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. 16 мыңнан астам үлескер баспаналы болды. Бұл туралы Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала прокурорының көмекшісі Азамат Қазбеков мәлім етті.

Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 млн шаршы метрге жетті
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Оның айтуынша, үлескерлердің құқықтарын қорғау — атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі.

— Үлескерлер құрған тұрғын үй-құрылыс кооперативтері бұл мәселені шешудің тиімді тетігіне айналды. Нәтижесінде 32 проблемалық нысанның құрылысы аяқталды, 16 мыңнан астам үлескер пәтерлеріне қол жеткізді. Тәуекел тобындағы нысандар саны 26-дан 20-ға дейін азайды. Прокуратураның бастамасымен соттар 9 талап-арызды қанағаттандырды. Соның негізінде жер учаскелерін, аяқталмаған құрылыс нысандарын және оларға қатысты құжаттарды тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің меншігіне беру туралы шешімдер қабылданды, — деді ол.

Сонымен бірге қала әкімдігімен бірлесіп, құрылысы тоқтап тұрған нысандарды аяқтау үшін жаңа инвесторларды тарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін елордада құны 2 млрд теңгеден асатын инженерлік желілер мемлекетке қайтарылғаны туралы хабарланған болатын.