Елордада құны 2 млрд теңгеден асатын инженерлік желілер мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада прокуратураның қадағалау шаралары нәтижесінде құны 2 млрд теңгеден асатын инженерлік желілер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала прокурорының көмекшісі Азамат Қазбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, прокуратура азаматтар мен мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, сондай-ақ заңсыз шығарылған активтерді қайтару бағытындағы жұмысты тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан немесе заң талаптарын бұза отырып берілген жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Өткен жылы шамамен 300 гектар игерілмеген жер және 3 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері анықталды. Прокурорлық ден қою актілері негізінде оларды мемлекетке қайтару шаралары қабылданды. Сонымен қатар жер учаскелерін аукционсыз заңсыз беру фактілері тоқтатылды, – деді Азамат Қазбеков.
Қадағалау барысында құрылыс салушылардың инженерлік желілерді коммуналдық меншікке өткізбеуіне байланысты заң бұзушылықтар да анықталған.
– Нәтижесінде 54 тұрғын үй кешенінің жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын инженерлік желілері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазір тағы 10 млрд теңге көлеміндегі мүлікті қайтару жұмыстары жалғасып жатыр, – деді ол.
Айта кетейік, прокуратура ҚАЖ жүйесіндегі заңдылықты қадағалау жұмыстарын күшейткенін хабарлаған едік.