Астанада 450 гектар аумақта екінші индустриялық парк құрылады - И. Тасмағамбетов

Бүгін Астанадағы VI Экономикалық форум аясында өтіп жатқан «Астана Инвест-2013» ІV Халықаралық инвестициялық форумы барысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов осылай мәлім етті.
«15 жылдың өзінде Астана халқының саны 2,5 есеге өсті, жалпы өңірлік ішкі өнім 90 есеге артып, елдің жалпы ішкі өніміндегі елордалық үлес 7 есеге өсті, оған тартылған инвестиция 30 есеге артты. Астана еліміздің бас қаласы болғалы бері қалада 10 млн. шаршы метр тұрғын үй берілді. Олардың 4 млн. шаршысы соңғы үш жылдың еншісіне тиеді. Меніңше, бұл инвесторлар үшін аса жақсы көрсеткіштер», - деді И. Тасмағамбетов.
Сонымен қатар, қала әкімі Астананы капитал салымының индексі абсолютті түрде тәуекелдерді басып түсетін ең тартымды қалалардың бірі ретінде атап өтті. «Біріншіден, мұндағы басты әңгіме «ойын» тәртібін нақты айқындайтын тұтастай кешенді шаралар туралы болып отыр. Жалпы аумағы 600 гектарды құрайтын индустриялық паркте бүгіннің өзінде 46 жоба жүзеге асуда. Ондағы инвестиция 1,2 млрд. долларды құрайды. Біз осы индустриялық парктің тәжірибесін ескере отырып, 450 гектар аумағын құрайтын екінші паркті құру туралы шешім қабылдадық. Бұл аймақты бизнес-әріптестерімізді ең тиімді преференциялар күтіп тұр», - деді И. Тасмағамбетов.