Астанада 55 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта қала аумағында анықталған 99 заңсыз қоқыс орнының 55-і толық жойылды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, қалған 44 учаске бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы көлемі 57 мың тоннаға жуық қалдық шығарылып, жұмыстарға 90 арнайы техника жұмылдырылған.
Есіл ауданында Хусейн бен Талал көшесінің жалғасы, әуежайға апаратын тасжол және Әлжан ана мешіті маңындағы аумақтар тазартылуда. Мұнда 8 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.
Сарайшық ауданында Шәмші Қалдаяқов көшесі бойындағы және LRT станциясы маңындағы аумақтардан 10,5 мың тоннаға жуық қалдық әкетілген. Ал Сарыарқа ауданында жыл басынан бері анықталған 10 қоқыс ошағының барлығы жойылып, 11,8 мың тоннадан астам қалдық шығарылған.
«Заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары барлық ауданда тұрақты негізде жүргізілуде. Қайта қоқыс тастаудың алдын алу үшін бақылау күшейтіліп, бейнебақылау камералары орнатылуда. Сонымен қатар дрондар арқылы мониторинг ұйымдастырылып, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қабылдануда. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған», – деп хабарлады әкімдік.
Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 20 мың тоннадан астам қалдық экологиялық полигондарға жеткізілген. Ал Нұра ауданында анықталған 45 учаскенің 12-сі ірі қоқыс үйінділері санатына жатқызылып, олардан 7,1 мың тоннадан астам қалдық шығарылған.
Экологиялық полиция жыл басынан бері абаттандыру талаптарын бұзуға қатысты 6 құқық бұзушылықты тіркеп, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап заңсыз қоқыс тастағаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, айыппұл мөлшері 100-ден 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Бұған дейін TazaQala платформасы арқылы 865 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталғаны хабарланды.