Астанада 82 мигрант такси қызметімен заңсыз айналысқан

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елордада заңсыз такси қызметін көрсеткен 82 шетелдік анықталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада 82 мигрант такси қызметімен заңсыз айналысқан

«Елордада таксимен жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен негізінен шетел азаматтары айналысады. «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 19 шілдеден бері елордада 32 заңсыз такси ұсталды.

Жыл басынан бері тиісті тіркеусіз кәсіпкерлікпен немесе өзге қызметпен айналысқаны, іс-шараларды жүзеге асырғаны үшін 125 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 82 іс жақын шетелден келген заңсыз тасымалдаушыларға қатысты.

Сондай-ақ патрульдеу барысында полиция қызметкерлері шетелдік азаматтар басқарған екі заңсыз таксиді ұстады. Олардың екуі де Өзбекстан Республикасының азаматтары.

Заңсыз такси қызметімен айналысқан шетелдіктерге қатысты Әкімшілік кодекстің 463-бабы бойынша хаттама толтырылып, көліктері айып тұрағына қойылды», - деп мәлім етті құзырлы органның баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, бұған дейін бас шаһарда 26 заңсыз таксист ұсталғанын хабарлаған едік.