Астанада «Ақ найза» әскери-патриоттық ойыны өтті
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығына орайластырылған қалалық «Ақ найза» әскери-патриоттық ойынының жеңімпаз командалары марапатталды.
Астана қаласының кәсіби, арнайы-орта және жоғары оқу орындары арасында өткен додаға 26 команда қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, « Ақ найза » ойыны жоғары деңгейде өтті. Ойын бағдарламасы бойынша, командалар сап түзеу, жалпы дене тәрбиесі дайындығы, 2 мың метр кросс, белтемірге тартылу, 16 келілік кір тасын көтеру, жауынгерлік эстафета, шабуыл жасайтын алапты өту, гранатаны алысқа лақтыру, АК-74 автоматын бұзып қайта жинау сындарынан өтті. Жеңімпаз командалардың әр мүшесі ұйымдастырушылардан жарысқа қатысқаны жөнінде сертификат және бағалы сыйлықтар алды.
«Ақ найза» әскери-патриоттық ойнын Астана қалалық «Нұр Отан» ХДП филиалының «Жас Отан» Жастар қанаты бірінші жыл ұйымдастырып отырған жоқ. Былтыр аталмыш шара ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 66 жылдығына орай өткізілді. Онда бұл ойынға 39 оқу орны қатысты.
«Нұр Отан» ХДП Астана қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Жаңабергеновтың айтуынша, аталмыш әскери ойындар арқылы жастардың бойында өз елін қастерлеуге, патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді баулуға болады.
«Тәуелсіз, зайырлы мемлекетке қуатты әскер керек. Бүгінгі таңда әскер барша қазақстандықтардың мақтанышы. Ал әскери қызметтің мерейі мен мәртебесі артып келеді», - дейді ол.