Астанада «Әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты» монументі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада «Әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты» монументінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Екі ұлы ойшылдың бейнесі сомдалған ерекше мүсіннің авторы — белгілі қытайлық мүсінші, Қытайдың Ұлттық көркемөнер мұражайының директоры У Вэйшань.

Астанада «Әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты» монументі ашылды
Фото: AIU

Мемлекет басшысына тарту етілген туынды кейін Астана халықаралық университеті жанындағы Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалына табысталды.

Астана халықаралық университетінің президенті Серік Ирсалиевтің айтуынша, мүсінді Қытай тарапы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қытайға жасаған ресми сапары кезінде сыйға тартқан.

— Бұл мүсінді Қытайдағы әріптестеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Қытайға жасаған ресми сапары кезінде сыйға тартқан. Мемлекет басшысы өз кезегінде туындыны бізге тарту етуді ұйғарды. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар студенттерге сапалы білім беруге деген жауапкершілікті арттырады, — деді Серік Ирсалиев.

Астанада «Әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты» монументі ашылды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Монументтің жамылғысын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлинь салтанатты түрде ашты.

Хань Чуньлинь бұл туындыны Қазақстан мен Қытай арасындағы өркениеттік және рухани байланыстың символы деп бағалады.

— Жоғары көркемдік шеберлік пен терең философиялық мазмұнды бойына сіңірген бұл туынды — Қытай мен Қазақстан өркениеттерінің өзара баянының, сондай-ақ кеңістік пен уақытты еңсерген адамзат даналығының рухани тоғысуының жарқын символы, — деді Хань Чуньлинь.

Мүсіндік композиция Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және білім беру байланыстарының сабақтастығын көрсетеді. Сондай-ақ ол Шығыс ойшылдарының мұрасына деген құрметті білдіреді.

— Әл-Фараби — мұрасы қазақ жерінің рухани қазынасына айналған ұлы ойшыл. Ал Конфуций — қытай философиялық дәстүрінің негізін қалаушы әрі Қытайдың рухани мәдениетінің символы. Бүгінде олардың мүсіндерінің қатар тұруы екі дананың сұхбатын ғана емес, Қазақстан мен Қытай өркениеттерінің терең рухани үндестігін де бейнелейді, — деді Бейжің тіл және мәдениет университетінің вице-президенті, профессор Чжан Баоцзюнь.

Астанада «Әл-Фараби мен Конфуций: Ұлы ойшылдар сұхбаты» монументі ашылды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Салтанатты шарадан кейін қонақтар Астана халықаралық университетін аралап, оқу орнындағы өнер мұражайымен танысты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінде Қазақстанда шетелдік жетекші және зерттеу университеттерінің 40-қа жуық филиалы жұмыс істейді. Солардың бірі — осыдан екі жыл бұрын елордада ашылған Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы.

Министрдің сөзінше, Қазақстанда білім алуға ниетті шетелдік студенттердің саны жыл сайын артып келеді. Биыл жаңа оқу жылында Қытайдан шамамен 3 500 студент Қазақстанға білім алу үшін келмек.

— Бұл — бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сонымен қатар Ресейден 2 500-ге жуық, АҚШ-тан 100-ге жуық азамат Қазақстанға білім алуға келеді. Жалпы мақсатымыз — елімізде ашылған шетелдік жетекші университеттердің филиалдары арқылы Қазақстанға 100 мыңға жуық студент тарту, — деді Саясат Нұрбек.

Айта кетейік, жақында өскемендік шебер қазақ хандары мен батырларының ағаш мүсіндерін жасады.