Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада алаяқтық жасаған құрылыс компаниясының басшысы 9 жылға сотталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана Мемлекеттік кірістер департаменті «Көктал кентінен оңтүстік шығысқа қарай» тұрғын үй кешенін салушыға қатысты үкім шыққанын мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Астанада алаяқтық жасаған құрылыс компаниясының басшысы 9 жылға сотталды

2015 жылдың 21 ақпанында «Астана қаласының құрылыс басқармасы» ММ-нің өтінімі бойынша «Орал Дизайн Строй Сервис» ЖШС жетекшісі Жұмабеков Кеңес Хабидуллаұлына қатысты тергеу амалдары басталған. 01.07.2008 жылғы «Тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы» аясында Астана қаласының құрылыс басқармасы мен «Орал Дизайн Строй Сервис» ЖШС арасында «Көктал кентінен оңтүстік шығысқа қарай» тұрғын үй кешенін салу жөнінде (13 үй, олардың ішінде 9-ы тоғыз қабатты, 4-уі 517 пәтерден тұратын бес қабатты) келісім жасалған. Осы орайда, Астана қаласының құрылыс басқармасынан «Орал Дизайн Строй Сервис» ЖШС-не 927 млн. теңге (288 шаршы) қаражат бөлінген.

Тексеру барысында белгілі болғанындай, К.Х. Жұмабеков рұқсат алынбаған құжаттарсыз 5 қабатты үйдің үстіне тағы 4 қабат қосып, 9 қабатты үйдің үстіне тағы 3 қабат қосып (748 пәтерге көбейтіп) алдау арқылы келісім шартқа отырып, баспаналарды жеке адамдарға сатып жіберген.

Тергеу барысында құны 185 млн. теңгелік пәтерлерді екі қайтара сату бойынша 29 жағдайдың тіркелгені анықталды. Құны 1,2 млрд. теңге болатын 192 пәтер құрылыс жоспарынан тыс сатылып кеткен.

Осы жолмен К.Х. Жұмабеков 915 үлескерден заңсыз түрде 6,6 млрд. теңге алған.

Соталды тергеу амалдары кезінде К.Х. Жұмабековтың қызметтік бабын пайдаланып, екі және одан да көп адамның қатысуымен алаяқтық жолмен ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденгені анықталды.

К.Х. Жұмабековтың әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2 және 4 бөлігі бойынша сараланып, оны қамауға алу туралы шешім қабылданды.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық №2 сотының үкімімен 2017 жылдың 23 маусымында К.Х. Жұмабеков қылмыстық әрекеті үшін кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Құрылыс жұмыстарын аяқтауды жауапты органдар қарайды.