Астанада аусыл ауруына қарсы халықаралық вакцина банкі құрылады

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада Орталық Азия бойынша аусыл дертіне қарсы күресті бақылаудың аймақтық үйлестіру орталығы ашылады.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) аймақтық семинарында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

«Халықаралық эпизоотиялық бюроның қолдауымен біздің елде арнайы вакцина банкі құрылады. Бұл ертең аусыл сынды жануарлардың аса қауіпті ауруы көп таралған Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты біздің көрші елдерді вакцинамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған Ауғанстан мен Пәкістанның енуі де ықтимал. Біз өз тарапымыздан стратегияның жасалу шараларына араласамыз, ХЭБ-пен бірге оның орындалу барысын бақылаймыз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ішінде аусылға қарсы күрес жұмыстарына бағытталатын шығындарды азайтуға септігін тигізеді. Себебі біздің ел Орталық Азия аймағы үшін буферлік зона болмақ», - деп атап өтті Г.Исаева.

Оның айтуынша, аталған орталықты құру Қазақстанның бастамасы. Үкімет Қаулысы шыққаннан кейін, оны 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында ашу көзделген.   

Осы сияқты орталық Бангкокта бар. Тайландта құрылған офис 11 елдің аумағын қамтиды. Қазір олар осы мемлекеттердегі аусыл ошақтарын ауыздықтап үлгерді. Себебі 11 елде ортақ стратегия, бірыңғай вакцина қолданылуда. Осындай принциппен Қазақстан Орталық Азия аумағында аусыл дертіне қарсы күресті бақылаудың аймақтық үйлестіру орталығын құруда.

Соңғы жаңалықтар