Астанада азап көрсетуге қарсы ұлттық алдын алу тетіктерін құру тақырыбында халықаралық конференция өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан бекіткен және зорлық-зомбылықтан қорғауды қамтамасыз ететін халықаралық келісімшарттардың негізгі баптарының құқықтық тәжірибедегі қолданысы бірыңғай жүйемен, яғни ұлттық алдын алу тетіктерінің негізінде жүретін болады. Аталмыш жүйе Қазақстанның БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясының каталогында көрсетілген құқықтарды орындауға міндеттеме алғаннан кейін ұлттық деңгейде енгізіле бастады. Оның негізінде үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бақылау қызметі жататын болады. Бұл - Әлемдегі ұлттық алдын алу тетіктері енгізілген елдерде қолданылып жүрген халықаралық тәжірибе.
Қазірдің өзінде Қазақстандағы бас бостандығынан айыру орындарында қоғамдық бақылаушылар тетігі жұмыс жасауда. Қоғамдық бақылау ұйымдары 15-ке жетті. Ал олардың мүшелері 900-ге тарта адам. ЕҚЫҰ Астанадағы орталығының басшысы, ұйымның Қазақстандағы Елшісі Александр Кельчевскийдің айтуынша, азап көрсетуге қарсы қоғамдық мониторинг іс-қимылдары бір принципте және бірыңғай жүйеге салынуы қажет. «Қоғамдық бақылаушылар тек Әділет министрлігінің қарамағындағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде ғана емес, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Денсаулық сақтау министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ведомствосында және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзырлығына да енгізу қажет», деп атап көрсетті ол.
Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовтің айтуынша, ұлттық алдын алу тетіктері біршама қаржылай қажеттілікті талап етеді. Жылына шамамен 200 млн. теңге қаражат жұмсалып отырмақ. Сондай-ақ оның атап көрсеткеніндей, бұл жаңа жүйе елдегі құқық қорғау заңнамасындағы бірқатар заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді талап етеді.
Бұл семинардың ең алдымен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін, әсіресе Қазақстан бекіткен адам құқықтары саласындағы халықаралық құжаттардың баптарын жүзеге асыру аясында пайдасы зор. Сонымен бірге, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған құқық қорғау жүйесінің ведомствоішілік мүдделерін азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға аудару міндеттеріне негізделген.
Шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Конституциялық кеңесі, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы Елшісі, БҰҰ-ның Азап көрсетудің алдын алу комитетінің мүшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілдері және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.