Астанада балаларды онлайн қауіптерден қорғау тетігі күшейеді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде кибербуллинг пен қауіпті контент көбейген. Цифрлық технология қарыштап дамыған кезеңде балалар интернет пен смартфонды ерте жастан пайдаланады. Қазақстанда бүгінде 6 миллион 900 мыңға жуық бала тұрады. Ал олардың онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселе бүгін Астанада өткен «Балаларды цифрлық ортада қорғау: өзекті сын-қатерлер мен тәсілдер» атты ұлттық конференцияда талқыланды.
UNICEF мамандарының мәліметінше, 2023 жылы балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігіне қатысты зерттеу жүргізілген. Сауалнамаға мыңнан астам жасөспірім қатысқан. Нәтижесінде олардың 21 пайызы кибербуллингке ұшырағаны анықталды. Ал 10 пайызы интернет арқылы танысқан адаммен құпия кездесуге барған. Алаңдатарлығы олар бұл жайында жақындарына айтпаған. Сондай-ақ зерттеуге қатысқан балалардың 7 пайызы жыныстық сипаттағы материалдарды хабарлама арқылы алғанын жеткізген.
— Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы балалардың өміріне елеулі әсер етіп отыр. Сондықтан бұл мәселе бүгінгі күні өзекті болып саналады. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Қазақстандағы балалар интернетті 5–8 жастан бастап қолдана бастайды. Сонымен қатар, кибербуллингке көбіне қыз балалардың жиі ұшырайтыны анықталған. Сауалнамаға 9–17 жас аралығындағы балалар қатысып, олардың ішінде әсіресе 10–11 жастағы балалардың онлайн кеңістікте түрлі мәселеге жиі кездесетіні белгілі болды, - деді ЮНИСЕФ балалардың онлайн қауіпсіздігі бойынша ұлттық сарапшысым Құндыз Тұрабай.
Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш бүгінде одан әрі өсуі мүмкін. Осыған байланысты мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа зерттеу жүргізу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылы интернет кеңістікте заңға қайшы 270 мыңнан астам контент анықтаған. Оның 60 пайызы жыныстық сипаттағы материалдар.
— ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық тәжірибені ескере отырып, онлайн-платформалармен бірлесіп балаларды қорғау тетіктерін күшейту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі таңда көптеген платформаларда ата-аналық бақылау құралдары бар. Олар жас шектеулерін қоюға, экран уақытын реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, онлайн-ойындарға бақылау да күшейтілуде. Roblox бойынша туындаған мәселелерге байланысты платформа өкілдерімен өзара жұмыс жүргізіліп, түйткілдер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр, - деді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.
Айта кетейік, Қазақстанда ата-аналар тарапынан балаларды тәрбиелеу кезінде зорлық-зомбылық элементтерін қолдану айтарлықтай азайған.