Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада Беларусь мәдениеті күндерінің ашылу салтанаты өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Конгресс Холл сарайында Қазақстандағы Беларусь мәдениеті күндерінің ашылу салтанаты өтті. Оған ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Борис Светлов қатысты.

Астанада Беларусь мәдениеті күндерінің ашылу салтанаты өтті

"Қазақстан Президенті Н. Назарбаев пен Беларусь Президенті А. Лукашенконың негіз болуымен біздің елдеріміз тек саясатта ғана емес, сонымен қатар мәдениет саласында да үлкен әріптестікке қол жеткізіп отыр. Былтыр Беларусь елінде Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Сол кезде бізді қазақтың өнері мен мәдениеті тәнті қылған болатын. Бүгін беларусьтықтар сол жақсы бастаманы жалғастырып, Астанаға ең үздік өнерпаздарын алып келіп отыр" - деп атап өтті Беларусь Мәдениет министрі Борис Светлов.

"Бұл салтанатты шара екі елдің әріптестік қарым-қатынасын бұрынғыдан да биік деңгейге көтереді деп сенеміз" - деді ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Шара барысында Беларусь телеграф агенттігінің қорынан іріктеліп алынған фотосуреттердің "Бүгінгі Беларусь" атты көрмесі мен концерт ұйымдастырылды. Концертте Беларусьтің жекелеген орындаушылары мен шығармашылық ұжымдары, соның ішінде "Песняры" Беларусь мемлекеттік ансамблі, Беларусьтің халық әртістері Ядвига Поплавская мен Александр Кремко, Беларусьтің еңбек сіңірген "Хорошки" хореографиялық ансамблі өнер көрсетті.