Астанада белгілі көркемжазу шебері Мухаррем Гөкшенннің құснихат және каллиграфия күндері көрмесі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2-3 ақпан күндері Астанадағы "Хан Шатыр" ойын-сауық орталығында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен хаткер-каллиграф Мухаррем Гөкшеннің «Астанада Құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесі өтеді, деп хабарлады аталған орталықтың баспасөз қызметі.
2 күн жалғасатын көрмеде өнерсүйер қауымның назарына Мухаррем Гөкшеннің 34 жұмысы ұсынылатын болады. Көрменің ашылуынан кейін Мухаррем Гөкшен құснихат бойынша шеберлік сабағын өткізеді.
«Құснихат» (көркем жазу өнері) -«сұлулық, әдемілік, көркемдік» деген мағынаны беретін араб тіліндегі «хұсн» сөзінен енген. Каллиграфия-«әсемділік» мағынасын беретін грек тілінің «kallos» сөзінен енген. Араб әріптерімен жазылатын, меңгерілуі қиын, негізінен нақыштау мақсатымен мешіттерде, аят және діни кітаптарда қолданылатын белгілі ережелері бар бейнелеу өнерінің бір түрі. «Құснихат» өнерін каллиграфия өнерімен жиі шатастырады. Екі өнердің ортақ тұсы көркем жазу болып табылады. Ал «құснихаттың» араб әріптерімен жазылуы, меңгерілуі мен орындалуы аса қиын болуы - каллиграфия өнерінен басты айырмашылығы. Сонымен қатар каллиграфия - бұл латын әріптермен көркем жазу өнері болып табылады.
Мухаррем Гөкшен 1980 жылы Түркияның Чорум қаласында дүниеге келген. Университет қабырғаларында көркем жазу сабақтарын алып, өнер жолына қадам басқан. 2007 жылы суретші-каллиграф Туран Севгилиден «сүліс» жазуынан дәріс алған. 2008 жылы каллиграф Махмут Шахиннен «сүліс», «насх» жазу түрі бойынша дәріс алуды жалғастырған. 2012 жылы аталған көркем жазу түрлерінен диплом алған. Ыстамбұл қаласындағы кәсіптік көркем сурет курстарына қатысып каллиграфия өнерінен сертификат алды. Түркияда жеке көрмелері өтті.