Астанада Білім берудің жоғары мектебі ашылады

АСТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат -  Бүгін Назарбаев университетінде басталған Жоғары білім беру сала­сы көшбасшыларының еура­зиялық форумы аясында Білім берудің жоғары мектебін ашу жоспарланып отыр.

Астанада Білім берудің жоғары мектебі ашылады

Назарбаев университетінің Білім беру саясаты орталығының директоры Аида Сағынтаеваның айтуынша, жаңа мектепте  жоғары оқу орындарын бас­қа­ру­шы мамандар даярланатын болады. Олар отан­дық білім беру саласын реформалау жағдайында еңбек етпек. «Дәл осы Жоғары мектеп арқылы Назарбаев университеті білім беруді басқарудың озық тәжірибесін барлық республикаға тара­та­ды. Осы орайда атап өтер жайт - біз бұл мек­тепті Кембридж және Пенсильвания университеттерімен бірлесе отырып ашып отырмыз. Себебі олардың біреуі орта білімге бейімделсе, екіншісі жоғары білім беру саласын жақсы біледі. Осы­лай­ша, бір-бірінің жұмысын қайталамай, толық­тырып отыратын әлемнің екі жетекші уни­верситеті Жоғары мектептің акаде­мия­лық саясатына жауап береді. Олар магис­тра­тура бағдарламасын, оқу жоспарларын, мектептің басқарушы аппаратын жұмысқа қабылдау жұмыстарын атқарады. Қазіргі кезде мектеп деканы қызметке алынды. Жақын арада ол Астанаға көшіп келеді», - дейді А.Сағынтаева.

2013 жылы Жоғары мектепке алғашқы екі топ қабыл­да­нады. Оның әрбіреуінде 30 адам білім алады. Олар білім беру саласындағы магис­тратура бағдарламасы, ағылшын тілінде Master in Education бойынша білім алмақ. Онда екі мамандық бар. Біреуі - орта білім, екіншісі - жоғары. 2020 жылға дейін Жоғары мектептің 400-ден астам түлегін еңбек нарығына шығару жоспарланған. Док­то­ран­ту­раның алғашқы түлектері де сол кезде оқу­ларын аяқтайды.