Астанада «БОТА» Қорының ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтеді

«Қоғамдық қордың 3 бағдарламасының қызметі еліміздегі балалар мен жастардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Конференция бағдарламасына Қор және оның серіктестерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірқатар министрліктерінің, Қордың грант алушылары мен халықаралық ұйымдардың әлеуметтік қызмет көрсетуде қолданатын жаңа тәсілдерінің тұсаукесері мен оларды талқылау мәселелері кіреді», - делінген хабарламада.
Балаларды қорғау күніне орай «БОТА» қоғамдық қоры үш бағдарламасының атқарған жұмыстарын қорытындылайды.
Атап айтар болсақ, Білім гранттары бағдарламасына (БГБ) бүгінгі таңда еліміздің әр аймақтарында тұратын 700-ден астам стипендиаттар қатысады, соның ішінде 122 студент осы жылы бағдарлама түлектері атанғалы отыр. Қор 2009 жылдан бастап барлығы 841 білім грантын бөлді.
Ал, Келісілген ақшалай жәрдемақылар бағдарламасына (КАЖБ) қазіргі таңда Қазақстанның 6 облысы бойынша 60000-ға жуық бенефициарлар қатысуда. КАЖБ іске асырылған уақыттан бері бағдарламаға 100 мыңнан астам қазақстандық қатысқан болатын. 2009 жылдан бастап Бағдарлама бенефициарларына 3,1 млрд. теңгеден асатын жәрдемақылар төленді.
Сондай-ақ, Әлеуметтік қызметтерді қолдау бағдарламасы (ӘҚҚБ) 2009 жылдан бері қарай Қазақстан бойынша шамамен 500 әлеуметтік жобаны қаржыландырды. Еліміздегі 30 мыңнан астам балалар мен жастар бағдарлама бенефициарлары атанды.