Астанада британиялық саясаткер, жазушы Джонатан Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы» кітабының таныстырылымы өтеді

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының концерт залында британиялық саясаткер, жазушы Джонатан Айткеннің «Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы» кітабының тұсаукесері өтеді, деп хабюарлады ҚР Президенттік мәдениет орталығының баспвасөз қызметі.
None
None

Қазақ елі бұрыннан шетелдіктердің назарын аударып, қызығушылығын тудырып келетіні белгілі. Күні кеше шетелдіктер бізді батыр бабаларымыздың қуат-күші, мәдениеті арқылы таныса, бүгінде өзімізді басқаларға еліміздегі саясат пен экономика арқылы танытқымыз келеді. Белгілі тұлғалардың өмірін зерттеген атақты биограф, британдық жазушы Джонатан Айткен Қазақстанның өркениетін паш етіп, Елбасы тұлғасын сомдаған. Кеңес Одағының құрамынан шығып, жаңа биіктерге қол жеткізген Қазақстан мен ел Президенті туралы деректер батыста үлкен қызығушылық тудырған. Кейіпкердің шынайы бейнесін жасау үшін жазушы Нұрсұлтан Назарбаевпен 28 сағат сұхбаттасып, Михаил Горбачев, Маргарет Тэтчер сынды әлемдік деңгейдегі қайраткерлермен пікір алысқан. Жан-жақты, толыққанды ақпарат жинақтау үшін ол, оппозиция өкілдерімен де тілдескен. Кітапта Елбасының балалық шағы, Теміртау зауытындағы еңбек жолы мен коммунистік жастық шағы ел өміріндегі деректермен, оқиғалармен сабақтастырыла суреттелген.

Сондай-ақ 14 тараудан тұратын бестселлер, бейнелі де шынайы әрі философиялық түйіндеулермен жазылған. Кітапта әлемнің қазіргі кездегі қызмет басындағы аса көрнекті саяси көшбасшыларының бірінің жеке тұлғасы, тағдыры, жеңістері мен жеңілістері және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы ғана емес, сонымен бірге КСРО-ның соңғы жылдарындағы драматизм мен ТМД елдерінің жаңа тарихына байланысты көптеген жайлар әдемі әңгімеленеді. Бұл туынды - Қазақстан басшысы туралы Батыста жазылған алғашқы шығарма.

Тұсаукесерге ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия көлеміндегі рөлінің жоғары бағасын көрсеткен кітап авторы - Джонатан Айткен қатысады. Шақырылған қонақтарды ұлттық киім киген Орталықтың қызметкерлері қарсы алады. Қонақтар арнайы ұйымдастырылған «Елдің аты - Қазақстан, Ердің аты - Нұрсұлтан» атты кітап көрмесі мен Орталықтың мұражай қоры негізінде жасақталып, Елбасының саясатын жан-жақты қамтыған «Елбасы және Елорда» атты экспозициялық көрмесімен таныса алады.

Тұсаукесер барысында кітап авторының «Хабар» телеарнасына 11.07.2009 ж. берген сұхбатын қамтып, арнайы әзірленген бейнекөрініс экраннан беріледі. Тұсаукесерді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Президенттік мәдениет орталығы директоры Мырзатай Жолдасбеков жүргізеді.

Шара барысында кітаптың мазмұны кеңінен ашылып, шығарма туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің пікірлері ортаға салынады. Туындының авторы туралы да толық ақпарат беріледі. Іс-шараның барысында келген қонақтарға тұсаукесері өткізіліп отырған кітап сыйға беріледі. Тұсаукесерден соң, аккредитациядан өткен журналистерге сұхбат беріледі деп жоспарланған.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, ҚР Үкіметінің мүшелері, Депутаттық корпус, ҚР Жоғарғы сот өкілдері, Дипломатиялық корпус пен консулдық мекемелер, Министрліктер өкілдері, Астана қаласы әкімдігі мен Білім басқармасы, ҚР Жазушылар Одағы, ҚР Журналистер Одағы, Мәдениет және қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» ХДП мүшелері, БАҚ өкілдері, «Назарбаев университетінің» ұстаздары мен білімгерлері де шақырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар