Астанада Coupe Mondiale 79 халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Coupe Mondiale 79» халықаралық баянистер мен аккордеоншылар байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Салтанатты шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының (CIA) басшылығы мен делегаттары, халықаралық қазылар алқасының мүшелері, байқауға қатысушылар, отандық және шетелдік музыка мамандары мен өнерсүйер қауым қатысты.
Ашылу рәсімінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын жеткізді.
Аида Балаева музыка әлеміндегі ең беделді өнер додаларының бірі – «Coupe Mondiale» байқауының Қазақстанда өтуі еліміздің мәдениет саласын дамыту және халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың жарқын көрінісі екенін атап өтті.
– Бұл Қазақстан үшін ғана емес, тұтас Орталық Азияның мәдени өміріндегі айтулы оқиға. Ұзақ жылдар бойы дүниежүзінің таңдаулы орындаушыларын бір арнаға тоғыстырып келе жатқан байқау кәсіби шеберлік пен шығармашылық ізденістің беделді алаңына айналды. Биыл әлемнің қырыққа жуық елінен өнер майталмандары мен дарынды жастардың, сарапшылар мен ресми делегациялар өкілдерінің қатысуы оның халықаралық мәртебесін айғақтайды. Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы басшылығы мен беделді өкілдерінің елімізге келуі де Қазақстанның мәдени әлеуетіне көрсетілген зор сенімнің белгісі деп білемін. Бұл қазақстандық жас музыканттардың кәсіби шеберлігін шыңдап, халықаралық тәжірибе жинақтауына және әлемдік сахнаға шығуына жаңа мүмкіндіктер ашады, – делінген құттықтау хатында.
Әлемдік баян және аккордеон өнеріндегі ең беделді додалардың бірі саналатын «Coupe Mondiale» биыл алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда өтіп отыр. Халықаралық байқау кәсіби орындаушыларды, музыка мамандарын, халықаралық сарапшыларды және баян мен аккордеон өнерінің танымал өкілдерін елорда төрінде тоғыстырды.
Ауқымды мәдени шараға Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының 48 делегаты қатысуға келді. Олардың қатарында ұйым басшылығы, музыкалық комитет мүшелері, халықаралық қазылар мен әлемдік баян және аккордеон өнерінің белгілі өкілдері бар.
Делегация құрамына Италия, Финляндия, Франция, Қытай, Австралия, Жаңа Зеландия, Германия, Австрия, Сербия, Швейцария, Қазақстан және басқа да мемлекеттердің өкілдері енген.
Құрметті меймандар қатарында Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясының президенті Мирко Патарини бар. Италиялық музыкант әрі халықаралық музыка қауымдастығының беделді өкілі Мирко Патарини көптеген жыл бойы әлемдегі баян және аккордеон өнерінің дамуына, орындаушылар арасындағы халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға үлес қосып келеді.
Сондай-ақ елордаға CIA Бас хатшысы Киммо Маттила, ұйымның қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Харли Джонс, Музыкалық комитет төрағасы Александр Селиванов, Музыкалық комитет төрағасының орынбасары Грейсон Мейсфилд, Конгю (Кристал) Ванг және Халықаралық конфедерацияның өзге де өкілдері келді.
«Coupe Mondiale 79» аясында халықаралық байқаумен қатар Халықаралық аккордеоншылар конфедерациясы делегаттарының 156-шы конгресі өтіп жатыр.
Конгресс барысында ұйымның халықаралық қызметі, баян және аккордеон өнерін одан әрі дамыту, кәсіби музыкалық білім мен ұлттық орындаушылық мектептер арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланады.
Биылғы додаға барлығы 147 өтінім қабылданды. Оның 126-сы жеке орындаушылардан, 21-і ансамбльдерден түскен. Конкурсқа қатысушылардың жалпы саны – 153 адам.
Олар Қазақстан, Ресей, Қытай, Италия, Португалия, Черногория, Сербия, Хорватия, Швейцария, Жапония, Өзбекстан, Бразилия, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Солтүстік Македония және Беларусь елдерінен келген өнерпаздар.
Салтанатты ашылу рәсімі бірнеше күнге жалғасатын халықаралық музыкалық доданың ресми басталуын айшықтады. Алдағы күндері қатысушылар жеті аталым бойынша өзара сынға түсіп, әлемнің жетекші музыка мамандары мен халықаралық қазылар алқасының алдында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Смитсон институты Қазақстан мәдениетін АҚШ-та насихаттауға қолдау көрсетеді.