Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада еңбек заңнамасын бұзған 96 жұмыс берушіге 18 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы алғашқы жартыжылдықта Астанада еңбек заңнамасын бұзған 96 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

әлеуметтік төлем, жәрдемақы
Фото: Еңбекмині

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Оның айтуынша, осы кезеңде 164 млн теңгеден астам жалақы берешегі өтеліп, 305 қызметкердің еңбек және конституциялық құқықтары қорғалды.

— Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 6 090 өтінішті қарап, 224 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Заңбұзушылықтарды жою туралы 98 нұсқама берілді. Соның нәтижесінде 96 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 18 млн теңге айыппұл салынды, — деді Мұрат Шәкенов.

Бұған дейін Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдегені жөнінде жаздық.