Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада зейнетақы мен жәрдемақыны рәсімдеу жеңілдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл жөнінде қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов айтты.

2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өседі
Фото: Kazinform

– Астанада зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеу рәсімі цифрлық шешімдердің енгізілуі нәтижесінде жеңілдей түсті. Қызметтердің басым бөлігі автоматтандырылып, бірқатары азаматтың жеке өтінішінсіз-ақ проактивті форматта көрсетіледі. Мәселен, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында зейнетақымен қамсыздандыру және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау саласында 63 398 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 пайызға көп, - деді спикер. 

Департамент басшысының сөзінше, қазіргі уақытта елордада 157 мыңнан астам адам зейнетақы төлемдерін алады. 

– Зейнетақы жарналары туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде расталады. Бұл төлемдерді тағайындау рәсімін жеңілдетіп, қызмет көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, - деді ол. 

Сондай-ақ, Асқар Аймағамбетов проактивті қызмет көрсету тетігі де кеңінен қолданылатынын атап өтті. 

– Егер азаматтың белгілі бір жәрдемақыны алу құқығы туындаса, ақпараттық жүйе оны автоматты түрде анықтап, SMS-хабарлама жібереді. Азамат келісімін растағаннан кейін төлемді рәсімдеу процесі автоматты түрде басталады, - деді ол.

Сонымен қоса, мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындау кезінде қажетті мәліметтер мемлекеттік деректер базалары арқылы тексерілетінін еске салды. Соның нәтижесінде қосымша құжаттарды ұсынбай-ақ шешім бір жұмыс күні ішінде қабылданады.

Айта кетейік, зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды рәсімдеуге қатысты көптеген қызмет eGov.kz порталы және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.

Еске салайық, Астанада заңсыз тағайындалған 2,9 млн теңге зейнетақы төлемі анықталды