Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада ер адамның үстінен полицияға бір күнде үш шағым түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 47 жастағы ер адамның үстінен бір күнде полицияға үш рет шағым түсті.

полиция
Фото: ҚР ІІМ

Полицияның хабарлауынша, алғашқы оқиға қалалық автобуста болған. Мас күйінде болған ер адам балағат сөздер айтып, жолаушы әйелмен жанжалдасқан. Қала тұрғыны полицияға жүгінді.

Автобустан түскеннен кейін ол аялдамада тағы бір әйелмен сөзге келіп, оған да әдепсіз сөздер айтқан. Кейінірек ер адам велосипедшімен жанжалдасып, оның велосипедін лақтырып жіберген. Осы оқиғадан кейін велосипедші де полицияға арызданған.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол екі рет ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Еске салайық, бұған дейін Таразда 14 жастағы қыз бір аптада үш рет полицияға ұсталғанын хабарлаған едік.