Астанада Есіл жағалауындағы мұз айдыны уақытша жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада күннің күрт жылынуына байланысты Есіл жағалауындағы мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Астанада Есіл жағалауындағы мұз айдыны уақытша жабылды
Фото: Астана әкімдігі

Астанада ауа райының күрт жылынуына және қардың еруіне байланысты Есіл өзенінің жағалауында орналасқан мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Бұл туралы елордалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлап, қала тұрғындарына ескерту жасады.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ауа райының күрт жылынуы салдарынан Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы жұқарған. Қазіргі уақытта өзен арнасындағы мұздың қалыңдығы 22 сантиметр, ал кейбір учаскелерде (Орталық жағажай аумағында) 35–37 сантиметрге жетеді.

Осыған байланысты жаңа жыл мерекелері кезеңінде тұрғындар қауіпсіздік мақсатында өзен үстімен жүрмеген жөн. Сондай-ақ Есіл жағалауындағы мұз айдыны мен сырғанақтардың жұмысы уақытша тоқтатылды.

Мұздың қалыңдығы Төтенше жағдайлар департаменті белгілеген нормативтік деңгейге жеткеннен кейін аталған нысандар қайтадан пайдалануға беріледі.

Айта кетейік, қала тұрғындарының қауіпсіз жүруін қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге тәулік бойы техникалық тұз себіліп жатыр.

— Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарларға шықпауға шақырады, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Астанада көктайғақ салдарынан 100-ден астам жол-көлік оқиғасы болған еді.

Соңғы жаңалықтар