Астанада есірткі сататын интернет-дүкен «қоймасынан» 2 мыңнан астам түйіншек тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада полиция есірткі заттарын сақтап, таратумен айналысқан интернет-дүкеннің «қоймасын» анықтады. Күдікке іліккен 33 жастағы ер адам ұсталды.

Астанада есірткі интернет-дүкенінің «қоймасынан» 2 мыңнан астам түйіншек тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Полиция қызметкерлері күдіктіні жеке тінту кезінде оның бел сөмкесінен марихуана салынған түйіншектер тапқан. Кейін оның пәтерін тінту барысында түрлі түсті изолентамен оралған, құрамында ұқсас зат бар 2 мыңнан астам түйіншек анықталды.

— Пәтерден сұйық зат құйылған түтікшелер тәркіленген. Сараптама нәтижесінде олардың құрамындағы заттың гашиш майы екені анықталды, — делінген хабарламада.

Тәркіленген есірткі заттарының жалпы салмағы 2 келіден асты.

Тергеу барысында ер адамның мессенджерлер арқылы тыйым салынған заттарды сататын интернет-дүкенге «қойма» қызметін атқарғаны анықталған. Медициналық куәландыру кезінде оның есірткі қолданғаны да белгілі болды.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар басқа да адамдарды анықтап жатыр.

Еске салайық, мұның алдында Астанада аяқ киім қорабынан есірткі салынған орамалар табылғанын жазған едік.