Астанада есірткі таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың мүшелері сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және таратумен байланысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Полицейлер бір жыл бойы жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылды.
— Тергеу барысында қылмыстық схеманың алты негізгі қатысушысы анықталды. Олардың қатарында интернет-дүкенді ұйымдастырушы, есірткі заттарын сақтауға жауапты тұлғалар, оларды таратқан курьерлер, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар адамдар болған, — деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Полиция қызметкерлері топ мүшелерін ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіп, есірткі заттарының ірі партияларын тәркіледі. Тергеу амалдары кезінде қылмыстық әрекетке қатысы бар барлық тұлға анықталып, олардың ұйымдасқан қылмыстық қызметтегі рөлі дәлелденді.
Қылмыстық істі қарау қорытындысы бойынша сот сотталушыларды кінәлі деп таныды. Топ мүшелерінің әрқайсысына 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында есірткі өткізумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметі тоқтатылғанын хабарлағанбыз.