Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада Эстония елшілігінің жаңа ғимараты ашылды

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат -  Бүгін Астана қаласы Қабанбай көшесі, 28 мекен-жайы бойынша Эстония Республикасы елшілігінің жаңа ғимараты ашылды.

Астанада Эстония елшілігінің жаңа ғимараты ашылды

Салтанатты іс-шараға ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов және Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Эстонияның сыртқы істер министрі Урмас Паэт қатысты.

«Еуропадағы экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Эстония Қазақстан жерінде елшіліктің жаңа ғимаратын ашуға шешім қабылдады. Бұл біздің осы елмен әріптестік байланыстарды дамыту қаншалықты қажет екендігін көрсетсе керек. Орталық Азиядағы Эстония елшілігі тек Қазақстанда ғана бар. Ол арқылы біз аймақтағы басқа да мемлекеттермен тығыз ынтымақтастықты нығайтуды көздейміз», - деді Эстонияның сыртқы істер министрі Урмас Паэт өзінің құттықтау сөзінде.

Ал Қазақстанның сыртқы істер ведомствосының басшысы Е.Қазыханов атап көрсеткендей, Астанадағы Эстония елшілігі жаңа ғимаратының ашылуы - бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге жасаған іссапары аясындағы келіссөздер мен ортақ жұмыстың заңды нәтижесі. «Біз саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда бірлесіп жұмыс істей аламыз. Себебі Қазақстан мен Эстонияның көптеген мәселелерге бірдей қарайды», - деді Е.Қазыханов. Өз сөзінде ол елшілік қызметкерлерінің кәсіби жұмысы арқасында екіжақты байланыстардың нығая түсетіндігіне сенім білдірді.

Осыдан кейін Эстонияның әнұраны ойналды. Оның ырғағымен осы елдің сыртқы істер министрі Урмас Паэт Эстония Республикасының Мемлекеттік Туын көтерді.