Астанада географиядан ұлттық олимпиада жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 12–15 мамыр аралығында Астана қаласында Geo Star ұлттық география олимпиадасының финалдық кезеңі өтті.

Шымкентте республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша қорытынды кезеңі басталды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Олимпиадаға Қазақстанның барлық өңірінен облыстық кезеңде жеңімпаз атанған 7–8 сынып оқушылары қатысты.

Ұлттық олимпиаданы өткізудегі басты мақсат – оқушылардың география пәніне деген қызығушылығы мен ынтасын арттыру, сондай-ақ географияның пән ретіндегі мәні мен маңызын насихаттау. Олимпиадаға қатысу жасөспірімдердің зерттеу дағдыларын дамытып, білімдерін тереңдетуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, олимпиада Республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының, дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы «Астана дарынының» әдістемелік қолдауымен, сондай-ақ National Geographic Qazaqstan журналы редакциясының контенттік қолдауымен өттті. Олимпиаданың финалдық кезеңі тестілік, мультимедиялық және далалық тапсырмалары бар екі кезеңнен тұрады. Бұл жарыстың тәжірибелік мәні мен пәнаралық сипатын күшейтеді.

-Бүгінде география ғылымы қарқынды дамып, ауқымы кеңейіп келе жатқан салалардың біріне айналды. Ол жер бедері мен Жер бетінің құрылымын, табиғатты, елдердің аумағын зерттейтін дәстүрлі ғылым ғана емес, сонымен қатар ғарыштық география секілді жаңа бағыттарды да қамтиды. Осыған байланысты әлемде географияны оқытудың маңызы мен өзектілігі күн сайын артып келеді. Бұл пән оқушылардың танымдық көкжиегін кеңейтетін көптеген мәлімет ұсынып, ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықты оятады,-делінген «EcoForming» экология және білім беру қорының хабарламасында.

Өткен жылы Geo Star олимпиадасы айтарлықтай өсім көрсетіп, география саласындағы жетекші білім беру бастамаларының бірі ретіндегі орнын нығайтты: қатысушылар саны екі есеге артты, бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығының артқанын айғақтайды. Былтырғы олимпиада жеңімпазы Таиландта өткен беделді Asian Geography Championship география чемпионатына Қазақстан атынан қатысып, өңірдің үздік қатысушылары арасында лайықты өнер көрсетті.

Елорданың мектеп оқушылары білім додасында 4 алтын медаль жеңіп алды.