Астанада хакерлерге арналған «Астана Хакатон» сайысы өтеді

Бұл шара 2012 жылы мамыр айында тұңғыш рет өткізіліп, оған 100-ден астам адам қатысқан болатын.
«Биыл да шамамен 100-150 қатысушы болады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда «astana-hackathon.kz» сайтында онлайн-тіркелу жүріп жатыр», - деп атап өтті бүгін өткен баспасөз мәслихатында «Astana Innovations» АҚ сервистік-технологиялық қолдау департаментінің жетекшісі Батырбек Дәуітбаев.
Оның айтуынша, шараның басты мақсаты - бүкіл Қазақстандағы инноваторларды, бағдарламашыларды және ІТ саласында еңбек ететін жастарды бірге жинап, олардың озық ойлы идеяларын, жүйелі жобаларын қарап, қолдау.
«Сайысқа қатысушылар бір тәулік, яғни 24 сағат ішінде нақты бір жоба жасап шығарып, оны қорғауы керек. Жеңімпаздарды одан әрі «Astana Innovations»-тың бизнес инкубаторында қолдап және шетелдік басқа қорлармен жұмыс жасап, қаржылай және маркетинг жағынан көмек көрсететін боламыз», - деді Б. Дәуітбаев.
Сайысқа қатысушыларға жас шамасына қарай ешқандай шектеу қойылмайды. Биылғы «Астана Хокатонның» жүлде қоры 1 млн. теңгені құрап отыр.